Алексей Цой Алматыдағы Жедел медициналық қызметтің жаңа автопаркімен танысты

Автор: Azattyq Rýhy

Жедел жәрдем қызметінің 35 көлігін сатып алуға жергілікті бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлінген

Фото: баспасөз қызметінен

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Алматыға 2 күндік жұмыс сапары барысында қаладағы Жедел медициналық қызмет ұжымымен кездесіп, аталған мекеменің жаңа автопаркімен танысты, деп хабарлайды аталған ведомствоның баспасөз қызметі.

Алматы COVID-19, тұмау, өкпенің қабынуына шалдыққан науқастар үшін жедел медициналық жәрдем қызметінің алгоритімін жетілдірген алғашқы қала. Бұдан былай аталған санаттағы науқастарды медициналық жәрдем ғана жатқызады. Науқастарға жүйелі қызмет жасаудың цифрлық механизмдері енгізілген. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров медициналық қызметтің сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы және COVID-19-дың екінші толқынына дайындық барысын баяндап берді.

«Қаланың жедел медициналық жәрдем қызметі күзгі және қысқы маусымға тас-түйін дайын. Біздің мүмкіншілігіміз өте жоғары. Тәулігіне 9000 хабарлама бойынша жұмыс істеуге және 500 науқасты тиісті емханаға жатқызуға қауқарлымыз»,- деді К. Надыров.

Министрдің жұмыс сапары барысында қажетті жабдықтармен қамтылған медициналық жәрдем қызметінің 35 көлігі таныстырылды. Арнайы көлікті сатып алуға жергілікті бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлінген.

Қазіргі таңда медициналық жедел жәрдем қызметінің жүктемесі төмендеді. Індет өршіген кезде жағдай күрделі болды. Тәулігіне 8000 хабарлама бойынша жұмыс істеді. Әрбір екінші бригада науқастардың үйіне барып қызмет көрсетті. Шілде айының басында Жедел медициналық қызметке келіп түскен хабарламалардың 50 пайызы коронавирус күдігімен байланысты болды.

Қазіргі таңда тұмау, өкпенің қабынуы және коронавирус бойынша келіп түсетін хабарламалар 9 пайызға азайды. Жедел медициналық қызметте қазіргі таңда 3000 маман еселі еңбек етуде немесе 180 бригада халыққа қызмет көрсетіп жатыр. Олардың қатарында 365 дәрігер, 1 388 фельдшерлер бар.