Зерттеудің бірінші фазасына 44 ерікті іріктелген
Коронавирусқа қарсы отандық вакцинаның клиникалық сынағына қатысатын еріктілерге 200 мың теңгеден төленеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрайымы Жанна Құрманғалиеваның айтуынша, отандық вакцинаны салғызуға ниет білдірген жүздеген адамның ішінен зерттеудің бірінші фазасына 44 ерікті іріктелген.
«Еріктілер 18-50 жас аралығында, коронавирус анықталмаған, COVID-19 жұқтырғандармен байланыста болмаған, жүкті емес, бала емізбейиін, еш жерде тіркеуде тұрмаған болуы керек. Еріктілерге бірінші және 21-күні вакцина салынады. Олар бақылауда болады, әр жеті күн сайын тиісті анализдер тапсырып отырады», - деді комитет төрайымы.
Оның айтуынша, клиникалық сынақтың екінші кезеңіне 200 адам қатысады. Бұл фаза 42 күнге созылады. Ал қараша айында басталатын үшінші сатыда үш мыңнан астам волонтерге вакцина салынады деп жоспарланып отыр.