Алматы қаласының бюджеті коронавирус кесірінен 40 млрд теңгеден қағылды

Автор: Azattyq Rýhy

Карантин тәртібінің жеңілдеуіне қарамастан, қалада 8 мыңнан астам кәсіпкер өз бизнесін қайтадан аша алмай отыр

Фото: ашық дереккөзден

Алматыда пандемия уақытында бюджет түсімдері 40 млрд теңгеге кеміген. Дағдарысқа төтеп бере алмаған бизнес нысандары шетінен жабылып жатыр. Ал құзырлы органдар санитарлық талаптарды сақтамады деген сылтаумен кәсіпкерлерді айыппұлдармен тұншықтырып отыр. Бұл туралы Алматы қалалық Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің отырысында айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.     

Қалалық кәсіпкерлік палатасының директоры Нариман Әбілшайықовтың айтуынша, 2020 жылы бизнес қауымдастығы бұрын-соңды болмаған тоқырауды бастан кешірді. Бизнес пандемиядан тыс, құқық қорғау органдарының тексерулері мен негізсіз салынатын айыппұлдардан көз аша алмай қалды. Карантин талаптарын бұзды деген сылтаумен, онсызда шығынға батқан кәсіпкерлерге ірі көлемде айыппұл арқалату ақылға қонбайды. Сондықтан прокуратурадан осы бағытта қадағалау жұмыстарына назар аударуды сұраймын деді палата басшысы.

«Наурыз айындағы төтенше жағдай кезеңінен бастап, кейінгі карантин шараларын қоса алғанда, қала бюджетіне кәсіпкерлер 40 млрд теңге беру мүмкіндігінен айырылды. Сарапшылардың есептеуінше, 2020 жылы ЖІӨ рецессияға түсіп отыр. Алматы қаласында 12 371 кәсіпкердің арасында әлеуметтік сауал жүргіздік. Сұралғандардың 15%-ы бизнесін жауып, жұмыс орындарын қысқартқан. Сауал барысында белгілі болған жәйт: карантинге дейін 340 мың жұмысшы болса, пандемия кезеңінде олардың 51 мыңы қысқартуға түскен, тағы 56 мыңы ақысыз демалысқа кеткен. Осы кәсіпкерлердің  22,8%-ы несиесін уақытында төлей алмаса, 17,3%-ы салықты дер кезінде жаба алмаған. Ал 12,2%-ы жұмысшыларға жалақы, коммуналдық төлемдер мен ғимараттарды жалға алу құнын төлемегені үшін жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр»,- дейді қалалық кәсіпкерлік палатасының директоры Нариман Әбілшайықов.

Кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңесінде карантиннен соң ашылған бизнес құрылымдарға 1 мыңнан астам тексеру болғанын, олардың негізінен, санитарлық талаптарды бұзуға бағытталғаны айтылды. Алдағы уақытта олар қалалық санитарлық эпидемиологиялық қадағалау мекемелерінің  тексерулеріне кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің де қатысуын талап етті. Тексерудің алгоритмі түсініксіз. Сондықтан оның жариялы болуын қамтатасыз ету, бизнес құрылым үшін маңызды екенін айтты.   

«Ескеретін жәйттің бірі - Алматы қаласы бас снитарлық дәрігерінің қаулысының шұғыл шығуы. Демалыс күндері жарияланатын карантинге бірнеше сағат қалғанда, қаулы пайда болады да,  кәсіп иелері алдағы күндерге жоспар құру немесе талаптарды дереу орындау мүмкіндігінен айырылады. Ал осы кезде тексерушілер де білек сыбанып, дайын тұрады. Оның ақыры айыппұлмен аяқталады»,- дейді Кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңесінің төрағасы Максим Барышев.

Карантин тәртібінің жеңілдеуіне қарамастан, Алматыда  8 мыңнан астам кәсіпкер өз бизнесін қайтадан аша алмай отыр. Олардың ішінде кинотеатрлар, боулинг, бильярд залдары, компьютер ойындары клубтары, банкет залдары, караоке орталықтарына коронавирусқа байланысты жұмыс істеуге әлі рұқсат берілген жоқ. Бұл салада 50 мың адам жұмыссыз қалды. Сол сияқты жағдай сауда базарларында да қалыптасып отыр. Шаһарда соңғы жылдары 52 базардың 27-сі қайта жаңғырудан өтіп, заманауи ғимараттарға көшті. Бірақ санитарлық талаптарға қатысты жабық ғимараттарда жұмыс істеуге шектеулер қойылып отыр.

Осы жиынға қатысқан қала прокуроры Берік Жүйріктаев бүгін көтерілген мәселелерге анализ жасалып, заңсыздықтар болса, анықтауға уәде берді. Біз мониторингтік топтардың арасындағы жемқорлық фактілерінің жолын кесеміз дейді қадағалау органының басшысы.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы