«World cleanup Day». Экология министрі бүкіләлемдік акцияға атсалысуға шақырды
Мағзұм Мырзағалиев 19 қыркүйек күні елде тазалық күні өтетінін хабарлады
Экология министрлігі «Бүкіләлемдік тазалық күні» азаматтық акциясына қатысуға шақырады, деп хабарлайды Аzattyq Rýhy.
«Жыл сайын 19 қыркүйек күні бүкіл әлемде «World cleanup Day» акциясы өтеді. Миллиондаған адам қоғамдық орындарды қоқыстан тазарту үшін сенбілікке шығады. Былтыр акция 169 елдің азаматтарын біріктірді. Барлық қазақстандықтарды сенбі күні осынау ауқымды шараға белсенді түрде қатысуға шақырамын», - деп жазды ол өз Twitter парақшасында.
Министр шараға өз ауласын, айналасындағы саябақтар мен су арналарын, тағы басқа орындарды тазалау арқылы әркім де үлес қоса алатынын атап өтті.
Айта кетейік, «World cleanup Day» акциясы 19 қыркүйек күні Қазақстанның барлық өңірінде өтеді. Еріктілер, белсенділер, қоғам өкілдері табиғи аумақтарды қоқыстан тазартып, ағаш отырғызады. Қатысушыларға қажетті жабдықтар беріледі.