Қазақстан мен Ресей шекаралық әріптестігі форумында Орал өзенінің жағдайы талқыланады

Автор: Azattyq Rýhy

Сонымен қатар Жайық өзеніндегі проблемаларға да басымдық беріледі

Фото: ашық дереккөзден

Қараша айында Көкшетау қаласында Қазақстан мен Ресей елдері шекаралық әріптестігі форумы өтеді. Жиында Орал өзенінің жағдайын талқылауға басымдық беріледі. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Батыс Қазақстан облысы жұртшылығымен болған онлайн-кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Біздің министрліктің бастамасымен осы жылы қарашада Көкшетауда өтетін шекаралық әріптестік форумында Орал өзенінің жағдайына, Жайық өзеніндегі проблемаларға басымдық беріледі. Біз Ресей Федерациясына бірнеше рет барып, бұл мәселелерді көтергенбіз», - деді М.Мырзағалиев. 

Онлайн-кездесуге қатысқан Экология министрлігі шекаралық өзендер департаментінің директоры Әлия Шалабекова өзенде гидрологиялық зерттеу жүргізу туралы келісімге қол жеткізілгенін айтты. Аталған зерттеуде гидротехникалық ғимараттардың өзенге әсері де ескеріледі. 

Zoom-жүздесу барысында Батыс Қазақстан облысы тұрғындары министрлік өкілдерімен өңірдегі экологиялық проблемаларды шешуге арналған Жол картасы жобасын да талқылады. Жоспар экологияны жақсартуға негізделген жиырмаға жуық іс-шарадан тұрады. Оның ішінде мемлекеттік орман қорындағы жасыл алқаптар аумағын 2025 жылға дейін 782 гектардан 1200 гектарға жеткізу, жолаушылар көлігінде дизель отынын пайдалануға тыйым салу, өндіріске қалдықтар мониторингінің автоматтандырылған жүйесін енгізу және тағы басқа атқарылатын жұмыстар бар. Жол картасы халықтың ұсыныстары ескеріліп, екі апта ішінде дайындалады.