ШҚО-ның оңтүстік аудандарын газбен қамту жұмысы кешеуілдеп жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Дегенмен, жергілікті атқарушы билік алдағы 2-3 жылда барлық елдімекендерді көгілдір отынмен қамтуды жоспарлап отыр

Фото: ашық дереккөзден

ШҚО-да елдімекендерді газдандыру бойынша арнайы жол картасы жасалып, жұмыс тобы құрылған. Алайда Зайсан ауданындағы мол газ қорын көршілес Күршім, Тарбағатай, Үржар аудандарына тарту жобасы әлі күнге сөз жүзінде қалып отыр. Тіпті Зайсан ауданының өзі әлі толық көгілдір отынмен қамтылмаған, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Осыдан 7 жыл бұрын Зайсан ауданында алғашқы газ алауы тұтанып, алғашқы нысандар өркениет игілігіне қол жеткізе бастаған еді. Содан бері қала мен елдімекендерді газдандыру жобасы кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр.

Бұған дейін аудандағы 9 елдімекен толығымен газбен қамтылса, биыл 8 ауылға газ жетті. Енді Шілікті, Тасбастау, Жалши ауылдарына газ тарту жобасы жасалмақшы. 

Зайсан ауданында 36 мың халық тұрады. Өкінішке қарай, олардың 30 проценті әлі күнге көмір жағып, күл шығаруға мәжбүр. Дегенмен жергілікті атқарушы билік өкілдері алдағы 2-3 жылдың ішінде бұл мәселені түпкілікті шешіп, барлық елдімекендерді көгілдір отынмен қамтуды жоспарлап отыр. Ол үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. 

«Бүгінгі күні 8 елдімекенге газ жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр және ішкі желілерін тартуға бюджеттік өтінім жасалды. Сонымен қатар Зайсан қаласы толығымен газданды деуге болады. Ол да 3 кезеңнен тұратын, қаланың іші 1-кезең бітті. Биылғы жылы 3-кезең газдандыру құрылысы басталып, жүзеге асырылып жатыр. Барлық ауданды газбен қамтамасыз ету алдағы 2-3 жылда толығымен жүзеге асады деген жоспар бар», - Зайсан аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі Қуаныш Тұрсынханов.