Қытай ұшағының Алматыда улы заттар шашып жүргені туралы ақпарат – жалған

Автор: Azattyq Rýhy

Ақпарат WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы тарап жатыр

WhatsApp әлеуметтік желісінде Алматыда қытайлық ұшақтың химиялық радиоактивті заттар шашып жүргені туралы аудиожазба тарап жатыр. Бұған дәлел ретінде flightradar24 сайтынан жасалған скриншот ұсынылған. Суреттегі картада ұшақтың ұшу бағыты көрсетілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Stopfake.kz сайтына сілтеме жасап. 

Шын мәнінде, аудиожазбамен бірге таратылып жүрген суретте катарлық Qatar Airways әуе компаниясының «Бейжің – Доха» бағытында тұрақты рейс жасаған азаматтық жолаушылар ұшағы бейнеленген. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Stopfake.kz сайтына бұл ақпаратты растаған. 

«Qatar Airways» әуе компаниясының тіркеу номері A7-BAL «Бейжің – Доха» бағытындағы тұрақты рейсі Боинг-777 әуе кемесімен 2020 жылғы 13 қыркүйекте орындалды. Борт ҚР әуе кеңістігіне RULAD нүктесі арқылы сағат 06:08-де кірді және сағат 06:46-да SULET нүктесі арқылы ҚР әуе кеңістігінен шықты. ҚР әуе кеңістігін кесіп өту кезінде әуе кемесінің ұшу биіктігі 11 мың метрді құрады. Бұл рейс күн сайын орындалады», – деп хабарлады министрліктен.

Сонымен қатар салалық ведомство ұшақтан химиялық заттар шашылғаны туралы ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды. Мұндай биіктікте қандай да болмасын химиялық заттарды шашу мүмкін емес. Сондай-ақ, әуе кемесінің бұл түрі ондай жұмыстарды жүргізу үшін жабдықталмаған. 

Flightradar24 сайты 13 қыркүйекте таңертең жолаушылар ұшағы сағат 03.50 Бейжіңнен ұшып шығып, жергілікті уақыт бойынша сағат 7.31 Катар астанасы Доха қаласына қонғанын растады. Рейстің номері – QR 8069. Бейжіңнен Доха қаласына бағыт алған ұшақ Қытай, Моңғолия, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Иран және Катар арқылы ұшады.