«Әдетте жеке өмірім туралы айтпайтынмын»: Асхат Аймағамбетов балалық шағы туралы естелігімен бөлісті

Автор: Azattyq Rýhy

Ол қиын кезеңдер отбасының қаншалықты қымбат екенін ұғындырғанын айтты

Фото: ашық дереккөзден

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Отбасы күні өз өмірі мен балалық шағы туралы естеліктерімен бөлісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Бүгін – Отбасы күні. Бұл мереке елімізде бірнеше жылдан бері қыркүйектің әр екінші жексенбісінде атап өтіледі. Әдетте жеке өмірім туралы айтпайтынмын, бірақ бүгін жазуды ұйғардым. Мен көпбалалы отбасында дүниеге келдім: менен бөлек отбасымызда тағы бес бала бар. Әкем 6 жасымда қайтыс болды, кейін анамызға барлық ауыртпашылықты еңсеруге тура келді. Сол кезде анам 40 жасқа да толмаған еді, бірақ маған жасы келген кісі сияқты көрінетін. Оны өзің сол жаста болғанда ғана жақсы түсінеді екенсің», - деп жазады министр.

Министр тоқсаныншы жылдары анасына өте қиын болғанын айтады.

«Ауылда тұрдық, анамыз жұмыстан бөлек бізбен, шаруашылықпен айналысты. Бір-бірімізге көмектестік. Су тасыдық, шаруашылыққа араласып, малға шөп дайындадық, пеш жақтық. Үйдегі ересектер артынан ерген бауырларына үйретті, ал кішілер үлкендерге көмектесті. Бұл қиын кезеңнің маған үйреткені мол, әсіресе жақындарымның, отбасымның қаншалықты қымбат екенін ұғындырды», - дейді ол.

Асхат Аймағамбетов бүгін де екі баланың әкесі. Жұмыстан кейін балалары мен жары үйде қарсы алғанда барлық қиындықты ұмытатынын жазады.

«Әңгімелесіп, балалармен бірге ойнағаннан шаршағаның басылады, рақаттанып қаласың. Жігерлендіріп, күш-қайрат беретін де – отбасым. Жақындарымызды бағалайық. «Отан отбасынан басталады» дейді дана халқымыз. Әр отбасының дамуы арқылы еліміз де гүлдене береді. Мереке құтты болсын, достар! Барлығыңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға береке тілеймін!» - деп жазды министр.