Жолға асфальт емес, тас төселген
ШҚО Қатонқарағай ауданындағы Новополяковка ауылында жөнделген жол жарамсыз болып шықты. Құрылысшылар көшеге қиыршықтас төгіп тастаған, деп хабарлайды «Хабар 24».
«Теледидардан керемет жол салынып жатқаны туралы жиі көреміз ғой. Бізде де сондай болар деп ойладық. Қайдан білейік. Келді де мынадай тастарды төсеп, кетіп қалды. Кәдімгі тас тиеп әкеліпті. Балаларымыз қалада. Келе алмай жүр. Өйткені көліктен түк қалмайды», - дейді Новополяковка ауылының тұрғыны Лидия Дюсупова.
Шынымен де жол жөнделгелі бері автокөлік жүргізушілерінен маза кетіпті. Өйткені өткір қиыршықтастар дөңгелектің жұлма-жұлмасын шығарады. Ал ауылдық округ әкімі басқа жол материалы жоқ екенін айтты.
«Климаттық жағдайға байланысты тек қана скальник дейміз, сондықтан одан басқа жол материалы бізде жоқ. Оны ұсақтайтын техника жоқ қой нақты ұстауға», - дейді Новополяковка ауылдық округінің әкімі Сержан Байбосынов.