Дәріс аяқталғаннан кейін Мемлекет басшысы Қытайда оқып жатқан қазақстандық студенттермен әңгімелесті
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай қоғамдық ғылымдар академиясында лекция оқыды, деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы Академия профессорлары мен сарапшыларының және қазақстандық студенттердің алдында сөйлеген сөзінде қоғамдық ғылымдардың кез келген мемлекеттің даму бағдарын айқындауға елеулі үлес қосатынын атап өтті.
«Қытай Қоғамдық ғылымдар Академиясы – мемлекеттік маңызы ерекше құрылым. Академияның зерттеу орталықтары мен институттары әлемдік ғылыми ой-пікірді дамытуға зор үлес қосып келеді. Қытай Қоғамдық ғылымдар Академиясында біздің елімізді жақсы білетін және қазақ тілін меңгерген сарапшылардың бар екенін ерекше ризашылықпен атап өткім келеді. Академия ғалымдарының ой-пікірлері мен ұсыныстары өзара тиімді ықпалдастығымызды одан әрі арттыруға ықпал етеді деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстан мен Қытай тарихындағы ортақ дүниелер туралы, Бейжіңде қызмет еткен жылдары мемлекет қайраткері Дэн Сяопиннің ашықтық пен реформалар саясатына куә болғаны жайында айтты. Сондай ақ, қазақ-қытай қатынастарының қалыптасу тарихына егжей-тегжейлі тоқталып, сауда-экономикалық, көлік-логистикалық іс-қимылдар мен инвестициялық ынтымақтастықтың басым бағыттарын белгілеп берді. Мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты дамытуға ерекше көңіл бөлінді.
Лекцияның негізгі бөлігі қазіргі халықаралық қатынастарға талдау жасауға арналды. Президент бүгінгі қауіп-қатер халықаралық құқықтың бұзылуына және жаһандық институттар рөлінің әлсіреуіне байланысты деп санайды.
«Жетекші мемлекеттер арасындағы текетірес, қауіпсіздік пен қару-жараққа бақылау жасау жүйесіндегі бұрынғы тетіктердің сыр беруі, қақтығыстардың көбеюі – осының барлығы жаңа геосаяси ахуалдың көрінісі. Өкінішке қарай, біз күрделі халықаралық диалогты ушықтырып отырған бірқатар күрделі факторларға куә болып отырмыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы дәрісінің соңында еліміздің ұстанымын айқындап, Қазақстан мен Қытайдың көрші әрі стратегиялық серіктес ретінде өсіп-өркендеу жолына бірге қадам басуы тиіс деді. Президент Қазақстан мен ҚХР арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа тиімді бағыттарын іздеу екі елдің «маңызды шешімдер қабылдайтын орталықтары» арасындағы іс-қимылдарды одан әрі нығайтуға, бірлескен конференциялар мен қолданбалы зерттеулер жүргізу тәжірибесін кеңейтуге септігін тигізетініне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық белгілі тарихшы-шығыстанушы Клара Хафизованың Қытайдың қоғамдық ғылымдар академиясымен ынтымақтастығын өзара жемісті ықпалдастықтың айқын мысалы ретінде келтірді.
Дәріс аяқталғаннан кейін Мемлекет басшысы Қытайда оқып жатқан қазақстандық студенттермен әңгімелесіп, олармен бірге естелік суретке түсті.