Түнгі сағат 02.00-де салонда жеті адамға қызмет көрсетіліп жатқан
Нұр-Сұлтанда массаж салоны бас санитар дәрігер қаулысының нормаларын бұзып, карантин кезінде түнде жұмыс істеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Түнгі сағат 02:00-де бұл жерге полицейлер, эпидемиолог мамандар және аудандық әкімдік өкілдері келді. Тексеру кезінде екіқабатты коттедж ішінде боди массаж қызметін көрсеткен «KAIF SPA» салоны орналасқаны, сол кезде ішінде жеті ер адамға қызмет көрсетілгені анықталды. Тәртіп бұзушыларға қатысты түнгі уақытта тыныштықты бұзу, алкогольді сусындарды ішу, кальян шегу және басқа да заңбұзушылықтар үшін әкімшілік хаттама толтырылды», - делінген хабарламада.
Жиналған материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жіберілген. Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті азаматтарды карантин шараларын бұзғандар жауапқа тартылатынын ескертіп, санитарлық нормаларды сақтауға шақырады.