Петропавлда планшеттер шығарыла бастайды. Алғашқы отандық компьютер қаншаға сатылып жатыр?

Автор: Azattyq Rýhy

Зауыт басшылығы компьютерлік техниканы құрастыруға қажетті бөлшектерді де шығаруды жоспарлап отыр

Петропавл қаласындағы «С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ ноутбук пен планшет өндірісін қолға алды. Аталған өнімнің алғашқы легі қыркүйек айында тұтынушы қолына тиеді. Бұған дейін қауіпсіздік жүйелерін, цифрлық телевидение қондырғы­ларын, мұнай-газ кешендеріне арналған тауарлар мен мен байланыс құралдарын шығарып келген зауыт былтыр компьютер құрастыратын желіні іске қосқан болатын. Бір ғасырға жуық тарихы бар кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен «Azattyq Rýhy» тілшісі танысып қайтқан еді.

АЛҒАШҚЫ ҮЛГІЛЕР СЫНАҚТАН СӘТТІ ӨТТІ

«Киров атындағы зауыт» АҚ биыл компьютерлердің алғашқы, сынама үлгілерін шығарған болатын. Техника сынақтан сәтті өтіп, кәсіпорын ұжымы күткен нәтижеге қол жеткізді. «Отау-ТВ» сандық теледидарына арналған «STB» құрылғысын өндіріп  келген цехтар қайта жасақталып, тыңнан  құрал-жабдықтар орнатылды. Қазір зауыт «ЗИК» маркалы 4 ядролы электронды есептегіш техникасын жасауда.

«Бастапқыда 50 компьютер жасап шығардық, оны екі аудандық білім бөліміне тапсырдық, бір бөлігін өзіміз пайдаланып жүрміз. Сапасы өте жақсы екенін ерекше атап өткім келеді. Біз компьютердің техникалық мінездемесін тапсырыс берушінің талабынан жоғары етіп жасаймыз. Мәселен, оперативтік жадының мөлшері 128 ГБ қажет болса, біз одан 6 есе жоғары етіп әзірлейміз. Мониторы 19 дюйм көрсетілсе, 24 дюйм етіп жасаймыз. Бұл көрсеткіштер оқушы үшін өте ыңғайлы. Білім министрлігі тарапынан көп тапсырыс түсіп жатыр. Бір компьютерді 199 мың теңгеден саудалап жатырмыз. Шын мәнінде, оның өзіндік құны бұдан жоғары. Планшет және ноутбук өндірісі есебінен бұл шығынның орны толады»,  - дейді «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ сату бойынша департамент басшысы Мәди Бектенов.

КОМПЬЮТЕР ҚҰРАСТЫРУДЫ ҚЫТАЙДАН ҮЙРЕНГЕН 

Зауыт басшылығы компьютерлік техниканы құрастыруға қажетті бөлшектерді шығаруды жоспарлап отыр. Мақсат – қосалқы детальдарды сырттан әкелмей, отандық өндірісті дамыту.

«Бүгінгі күні компьютер өндірісі Қазақстан үшін тың сала. Бұған дейін отандық компаниялар мен кәсіпкерлер тауардың бұл түрін тек алып-сатумен ғана айналысып келген. Сондықтан жаңа бағытты игеру мақсатында нарықты біраз зерттеуімізге тура келді. Нәтижесінде, Азия елдерінде ноутбук және компьютер шығару бойынша көш бастап тұрған қытайлық «Сhina greatwall technology group co., Ltd» компаниясымен әріптестік қарым-қатынас орнаттық. Екіжақты меморандумға сәйкес, жыл соңына дейін тағы 50 мың компьютер мен 50 мың ноутбукты құрастырып, саудаға шығару жоспарда бар», – дейді «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ директоры Амангелді Советбекұлы.

Білікті бағдарламашы мен заманауи техниканың көмегінсіз жоспарды жүзеге асыру мүмкін емес еді. Сондықтан отандық кәсіпорынның бір топ маманы аспанасты еліне барып, компьютер шығарудың қыр-сырын меңгерген. Петропавлда компьютерлік техника құрастыру жөніндегі жоба қытайлықтар тарапынан қолдауға ие болған.

«Біздің мақсатымыз – дайын бөлшектерді жинаумен шектелмей, өзіміз шығаруға көшу. Ол үшін бізде өндірістік мүмкіндіктердің барлығы бар. Бұл жоспарды 2-3 жылда жүзеге асыру көзделген. Қытайлық компаниямен келісімге сәйкес, жергілікті мамандар шетелде тағы да біліктілікті арттыру курстарына баруы қажет еді. Алайда, карантин біздің жоспарға өз өзгерісін енгізді. Енді әлемдегі жағдай тұрақталысымен, өндірісте еңбек етіп жатқан қызметкерлер Қытайға барып, тағы да компьютер, ноутбук, планшет жасаудың қыр-сырын меңгереді» - дейді Мәди Бектенов.

Ұжым қосалқы бөлшектер өндірісіне ауысуды бірнеше кезеңмен жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Қазір оның алғашқысы жүзеге асырылуда. Яғни мамандар шет елдерден әкелінген детальдардан дайын өнім шығарады. Ал екінші кезеңде қосалқы бөлшектер жергілікті жерде өндіріледі. Ал соңғы кезеңде компьютерлік техниканың негізі саналатын процессорлар мен платалар жасайтын цех іске қосылмақ. 

ЗАУЫТ ЖЫЛЫНА 50 МЫҢ КОМПЬЮТЕР ЖАСАУҒА ҚАУҚАРЛЫ

Зауыт басшылығының айтуынша, білім беру мекемелерінен түсетін тапсырыс көлемі бірнеше есе артқан. Оны қанағаттандыру үшін кәсіпорын екі ауысымдық жұмыс кестесіне көшкен. Өндіріс орны әлемге әйгілі «Microsoft» компаниясымен келісімшарт жасасып, байланыс орнатқан. Компьютерлік техника жасауға қажетті платалар шығаратын қондырғылар да аталған компаниядан сатып алынған.

«Құрастырылған компыютерлерді оперативтік жүйемен қамтамасыз ету жұмыстарын «Microsoft» корпорациясы жүзеге асырады. Компьютер өндірісі қолға алынған сәттен бері аталған шетелдік компаниямен әріптестігіміз үзілмей келеді», - дейді Мәди Бектенов. 

Кәсіпорын әзірге тапсырыс бойынша ғана жұмыс істеп жатыр. Болашақта ірі сауда орталықтарымен келісімшарт жасасып, отандық компьютерлерді саудаға шығару жоспарланған.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО