Интернетте мұндай бір дәретхананың бағасы 2,5 миллион теңгеден басталады
Атырауда 38 миллион теңгеге бес қоғамдық дәретхана қойылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
Қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық өкілдерінің айтуынша, дәретханалар тұрғындардың сұрауы бойынша салынған және ашық конкурста жеңіп алған «АврораKZ» ЖШС ұсынған 38 миллион теңге ең төмен баға болған. Бұл бағаға дәретханалардың жеткізілуі және канализация мен электр желілеріне қосу бағасы да кіреді.
«Бұл қаражат құжатты дайындау, салық пен банк комиссиясын алып тастағанда соншалықты көп емес. Қаламыз жылдам дамып жатыр. Атыраулықтардың демалысы дәретханаларды іздеумен өтпеуі керек», – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық өкілдері.
Айта кету керек, интернетте осындай типтегі дәретхана бағалары 2,5 млн теңгеден басталады. Сонымен қатар былтыр Семейде екі дәретхана 18 млн теңгеге, Алматыда 10 дәретхана 96,5 млн теңгеге қойылған.