Елордада екі аптада 80-ге жуық карантин режимін бұзу дерегі анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Нысандардың көбі карантин кезеңінде белгіленген жұмыс кестесін бұзған

Фото: astana.gov.kz

Карантинге байланысты мейрамханалар мен кафелер 23.00-ге дейін жұмыс істей алады, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

Есіл ауданындағы екі мейрамхана мен бір түнгі клуб карантин кезеңінде белгіленген жұмыс кестесін бұзды. Аудандық полиция өкілдерінің айтуынша, 28 тамызда жұма күні мобильді топтың рейді кезінде «Метис» және «Шордич» мейрамханалары, «Аура» түнгі клубы келушілерді 23:00-ден кейін қабылдағаны анықталған.

«Біз көпшілікке арналған орындардың карантин режимін бұзуы бойынша Нұр-Сұлтан қаласының еріктілерімен бірге рейдтік іс-шара өткізіп жатырмыз. Мысалы, карантин талаптарын бұзған - Тұран, 2 көшесінде орналасқан «Алания» («Аура») караоке-түнгі клубы. Меншік иесі 425-бап бойынша бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бақылау тексерісі кезінде тағы бір факт анықталды», - деді Есіл аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Мейірбан Өтеп.

Осы ойын-сауық мекемелерінің иелеріне қатысты жиналған материалды процессуалдық шешім қабылдау үшін тауарлардың сапасын бақылау және қауіпсіздігі бөліміне жіберу жоспарланған.

Бас санитар дәрігерінің 2020 жылғы 15 тамыздағы қаулысы шыққаннан соң, елордада 78-ге жуық заң бұзушылық анықталды.