Болған жайды полицияға иттің бұрынғы қожайыны хабарлаған
Солтүстік Қазақстан облысындағы Большая Малышка ауылының тұрғыны көршісіне 6 мың теңге қарыз болып, ақша орнына итін берген. Иттің жаңа қожайыны оны достарымен бірге сойып жеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Болған жағдайды білген иттің бұрынғы қожайыны полицияға хабарлаған. Қатігездік фактісіне балалар да куә болған. Олар итті сойып, Есіл өзенінің жағасында отқа пісіріп жегенін көрген. Жақын маңда балық аулап отырған екі бала қатты соққының дыбысын және иттің қыңсылаған дауысын естіген. Жағалаумен үйіне кетіп бара жатқан баланың біреуі үш ауылдасының сары итті ағашқа асып қойып, терісін сыпырып мүшелеп жатқандарын көрген.
«Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері 1987 жылы туған күдіктіні ұстады, онымен бірге болған 1986 және 1982 жылы туған екі сыбайласынан да жауап алынды. Аталған факт ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабы «Жануарларға қатыгездік жасау» фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енді», - дейді Қызылжар ауданы ПБ бастығы полиция полковнигі Әлихан Байқадамов.
ҚР заңнамасы бойынша жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін 120 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе 120 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тарту көзделген. Осы әрекеті үшін күдіктілер 30 тәулікке қамаққа алынуы да мүмкін.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО