«Nur Otan» партиясының Хатшысы Арман Қырықбаевпен онлайн жиын өтті
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Нұргүл Ұлжекова ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған аналардың бірі. Баласына көмектесу мақсатында инклюзивті балаларға арналған спорт секциясын ашқан Нұргүлдің кішкентай ғана бастамасы аймақтардағы көптеген аналарға үміт сыйлаған. Бұл туралы Нұргүл «Nur Otan» партиясының Хатшысы Арман Қырықбаевпен өткен онлайн жиын барысында айтты.
Бүгінде «Ерекше қажеттіліктері бар балалар мен ата-аналар» қорының негізін қалаушы Нұргүл Ұлжекова «Nur Otan» партиясы өткізіп жатқан праймеризге қатысуда. Мақсаты - мүмкіндігі шектеулі адамдардың қордаланған проблемасына қоғам назар аударту.
«Менің партияға деген сенімім «Кедергісіз келешек» партиялық жобасының жемісті жүзеге асырылуы барысында арта түсті. Өз балама ғана емес, ерекше қалаулары бар мыңдаған балаларға көмектесуге деген аналық ынта-жігерім соңғы 4 жылда инклюзивті спорттық секцияларды тегін өткізуіме себеп болды. Бүгінгі таңда біздің секцияда мүгедектіктің түрлі формасындағы 150 бала бар, тағы 200-ге жуық бала кезекте тұр. Себебі оларды қарапайым спорттық секциялар қабылдамайды. Біздің қорымызға еліміздің түрлі аймақтарынан хат жазатын ата-аналар саны өте көп. Олар өз аймақтарында да осындай секциялардың ашылғанын қалайды. Бұл жүйелі проблемаға айналған және праймериз арқылы мен осы проблемаға назар аудартқым келеді. Сондай-ақ, ведомствоаралық жұмыс алгоритмі мен инклюзивті адамдар арасындағы қоғамдық спортты дамыту, әлеуметтік қорғауға қатысты құқықтық нормативтік актілерді ұсынуға дайынмын. Праймериз мүмкіндігі шектеулі адамдарға жаңа мүмкіндік сыйласа екен», - деді ол.
Нұргүлдің және ол сияқты өзге де жиынға қатысушылардың талап-тілектерін тыңдаған Арман Қырықбаев үміткерлерге сәттілік тілеп, заңмен беріліп отырған құқықтарын сауатты пайдалану керек екенін айтты.
«Біз көп жағдайда заңмен беріліп отырған өз құқығымызды пайдалана алмаймыз. Неге десеңіздер, депутат болғанына әкім немесе өзге де адамдар себеп болған адам ешқашан ол адамдарға қарсы шығып, турасынан сұрақ қоя алмайды. Ал праймеризде елдің шын ықыласына бөленіп өткен кандидат артында тұрған қарапайым халқының мүддесін ойлайды. Жағдай осы кезде ғана жөнделеді деп ойлаймын. Сол себепті баршаңыздың бастамаларыңызға сәттілік тілеймін!», - деді Хатшы.