Әкімнің айтуынша, алдағы қыста жеке тұрғын үйлер газбен жылытылады
Алдағы қыста жеке тұрғын үйлер газбен жылытылады, деп жазды Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында.
«Бірқатар елдімекендегі кварталішілік газбен жабдықтау желілері құрылысының барысын тексеріп, тұрғындармен кездестім. Железнодорожный елдімекенінде газбен жабдықтау тарату желілерінің 100%, Промышленный- 80%, Көктал 1 - 70%, Көктал 2-де екі көшеде өткізу қалды. Бұл жұмыстар Агрогородок, Юго-Восток елді-мекендерінде де жүргізіліп жатыр», - деп жазды қала әкімі.
Оның айтуынша, газ желілерін үйлерге жеткізу жұмыстары жалғасып жатыр. Көктал-1/2, Железнодорожный, Промышленный, Агрогородок тұрғындары үшін (Тілендиев даңғылы – Көктал – т/ж жолы – Бөкеев көшесі шекарасында) үйлерді газбен жабдықтау желілеріне қосу үшін техникалық шарттарды берудің тегін рәсімі басталды. Ол үшін болашақ 4/2 және Ж.Жабаев 12/2 көшесінде фронт-кеңселер ашылды. Сондай-ақ, ол бұл елдімекендер, оның ішінде Агрогородок пен Юго-Востоктың тұрғындарының қосып алуына мүмкіндік бар екенін, тұрғындар үшін тегін есептегіштер қарастырылғанын айтты.
«Елорданы газдандырудың өзі үш кезеңнен тұрады. ЖЭО-1/2 күзде газға ауыстырылады. Кездесу барысында Көктал-2 және Агрогородок тұрғындары жарықтандыру, аялдама орнату, қосымша автобус бағытын іске қосу, жол құрылысы және т.б. мәселелерді көтерді», - деп жазды Алтай Көлгінов.