Оларды 1 қыркүйекке дейін тіркеп үлгеру міндеттелді
Осы жылдың 1 ақпанына дейін Қазақстанға Армениядан әкелінген автокөліктер үшін тіркеу мерзімі 1 қыркүйекте аяқталады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Ақ Жайық»-қа сілтеме жасап.
Атырау облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде өңірде осындай 1935 көлік құралы есепке қойылған. Атырау облысына Армениядан барлығы 6800-ден астам автокөлік әкелінді. 1 қыркүйекке дейін жарты ай ғана қалды, ал Атырау полициясы тіркеуді соңғы күнге қалдырмай, мерзімінде жүргізу қажеттігін еске салады.
Айта кету керек, тіркеу рәсімінен кейін сары нөмір иелерінің салық аударымдары «қарапайым» автокөлік иелерінен алынатын салық төлемдерінен өзгеше болмайды.
Тіркеу күн сайын сағат 9.00–ден 18.00–ге дейін, сенбі және жексенбі күндері сағат 9.00-ден 15.00-ге дейін Атырау мамандандырылған ХҚКО-да, сондай-ақ екі аудан орталығының – Құлсары қаласының (Жылыой ауданы) және Құрманғазы ауылының (Құрманғазы ауданы) автоцондарында жүргізіледі.
«Көлік рөлі оң жақта орналасқан армян автокөліктері үшін аккредиттелген зертханадан автомобиль қозғалысы үшін қауіпсіз екендігі туралы куәлігі болуы қажет. Сонда ғана мұндай көліктер тіркеледі»,- деді ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Мырзалы Өтеғалиев.