Этномәдени орталықтар өз өнерін, салт-дәстүрін, музыкасы мен гастрономиялық ерекшеліктерін таныстырды
ҚР Тәуелсіздігінің 35 жылдығы аясында Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Достық» этнофестивалі іс-шарасы өтуде. Түрлі этнос өкілдері мен ұлттық мәдениетті дәріптеушілердің басын қосқан мерекелік бағдарламаға 15 этномәдени орталық қатысып, өз өнерін, салт-дәстүрін, музыкасы мен гастрономиялық ерекшеліктерін таныстырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс-шарада Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек этнофестивальдың маңызына тоқталып, қалада этномәдени бірлестіктер қоғамда бірлік пен келісімді бекемдеп келе жатқан іргелі ұйым екенін атап өтті. Еліміздегі ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді сақтауда этномәдени бірлестіктердің маңызы зор. Ел бірлігінің сақталуы, қоғамдық келісімнің болуы ынтымақтың арқасы. Шаһарда этномәдени бірлестіктер тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Дәстүрлі фестивальде қала тұрғындары мен қонақтарына этнографиялық көрме, шеберлік сабақтары, кітап көрмелері, ұлттық киімдер, қолөнер бұйымдары, заманауи өнер туындылары мен ұлттық музыкалық аспаптар ұсынылған жәрмеңке ұйымдастырылды. Келушілер түрлі этностардың мәдени мұрасымен танысып, салт-дәстүрлердің қазіргі қоғамда қалай сақталып, дамып келе жатқанын көрді.
Ұлттық әдет-ғұрыптар мен өнерге арналған алаң ерекше қызығушылық тудырды. Фестиваль қонақтары бүркітпен аң аулау өнері – саятшылықтың қыр-сырымен танысып, ұлттық спорт түрлерінен көрсетілімдерді тамашалады. Естелік суретке түсушілер үшін ұлттық нақыштағы фотозоналар да әзірленді.
Бағдарламаның тағы бір бөлігі гастрономиялық аймаққа арналды. Онда түрлі этностардың ұлттық тағамдары ұсынылды. Келушілер әр халықтың асханасымен, мәдениетімен және тұрмыс-тіршілігімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.
Шымкент қалалық “Қоғамдық келісім” мекемесінің басшысы Әбдез Рахманұлы мұндай іс-шаралар этносаралық келісімді нығайтуға және мәдени мұраны сақтауға ықпал ететінін атап өтті.
«Әр халықтың өзіндік тарихы, тілі, дәстүрі мен өнері бар. Мұндай фестивальдер тұрғындарды осы мәдени әртүрлілікпен таныстырып, өзара құрметті нығайтуға мүмкіндік береді. Әсіресе, жас ұрпақтың өз тамырын танып, басқа халықтардың дәстүрлеріне қызығушылықпен қарауы маңызды», – деді ол.
Фестиваль Шымкенттің этникалық әралуандығын танытып, түрлі мәдениетті тоғыстырған алаңға айналды. Музыка, ұлттық тағамдар, қолөнер және дәстүрлі өнер арқылы қатысушылар мен қонақтар бірлік пен түрлі халықтардың мәдени мұрасына деген құрмет атмосферасын сезінді.