Халық денсаулығын нығайту, аурулардың алдын алу және медициналық көмектің сапасын арттыру – «Әділет» партиясының өңірлік сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бағыттардың бірі. Партия 2031 жылға дейін онкологиялық және жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте анықтауға арналған скринингтік және профилактикалық тексерулермен қамту көрсеткішін 90 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Сонымен қатар медицина мамандарының тапшылығын азайтуға да ерекше көңіл бөлінбек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы «Әділет» партиясынан Жетісу облыстық мәслихатына кандидат Қуаныш Мүсілімұлы және Талдықорған қалалық мәслихатының депутаттығына кандидаттар Темірлан Бақытбекұлы, Ғабит Тұрсынбайұлы қалалық №1 емхананың ұжымымен өткен кездесуде айтты.
Басқосу барысында үміткерлер партияның 2026-2031 жылдарға арналған өңірлік сайлауалды бағдарламасын таныстырып, медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған жоспарларымен бөлісті.
Алғашқы болып сөз алған Қуаныш Мүсілімұлы халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыру партияның маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, 2031 жылға қарай өңір тұрғындарының күтілетін өмір сүру ұзақтығын 75,7 жастан 77 жасқа және одан жоғары деңгейге жеткізу жоспарланған.
«Халық денсаулығы – мемлекеттің басты капиталы. Сондықтан медициналық қызмет сапасын жақсарту, заманауи технологияларды енгізу маңызды. Осы бағытта 2031 жылға дейін медициналық қызметтерді цифрландыру және телемедицина мүмкіндіктерін пайдалану деңгейін 50 пайызға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз», – деді ол.
Кездесу соңында емхана қызметкерлері кандидаттарға өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Өз кезегінде партия өкілдері көтерілген мәселелерге жауап беріп, сайлауалды бағдарламада көзделген міндеттердің маңыздылығын атап өтті.
Дайындаған: «Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Есбай А.Ғ.
Жетісу облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.