Пышақпен қорқытып, шоттарынан ақша шешкен: Астанада бірнеше қылмыс істеген екі жасөспірім 5 жылға сотталды

Автор: Тәжібай Әлия

Қалған үш жасөспірімге тәрбиелік шаралар қолданылады

Фото: скриншот

Астанада сауда орталығында төбелес шығарып, бірнеше адамды тонап, телефондары мен банк шоттарындағы ақшаны иемденген жасөспірімдер бес жылға сотталды. Олардың бірі бұған дейін де  бас бостандығынан айырылған, деп жазады Azattyq Rýhy.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, оқиға 26 наурыз күні басталған. Сол күні бір топ жасөсөпірім «Koktal» сауда үйіне барып, бұған дейін топ мүшелерінің бірін ұрып кеткен жігітпен есеп айырыспақ болған. Екі тарап сауда орталығының тамақтану аймағында сөзге келіп, арты төбелеске ұласты.

Алайда іс мұнымен бітпей, 7 сәуірде М. мен К. бұрын жанжалдасқан бір баланы пышақпен қорқытқан. Содан кейін құны 341 981 теңге тұратын телефонын тартып алып, сатып жіберген. Ал мамырда танысының  депозитіндегі 620 мың теңгені, Бурабай ауданындағы дүкен сатушысының банк шотынан 237 мың теңге шешіп алған.

Сот анықтаған дерек бойынша, топтың әрекетінен жәбірленушілерге жалпы 3 миллион 68 мың 981 теңге шығын келген.

Осы іс бойынша өткен сотта М. мен К. кінәсін толық мойындап, жасаған әрекеттеріне өкінетінін айтты. 

Сот олардың  әрқайсысына 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Айта кетейік, М. бұған дейін де ұрлық жасағаны үшін сотталған.

Ал топтың қалған үш мүшесі қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Олар жәбірленушілермен татуласып, келтірілген шығынды өтеген. Оларға тәрбиелік шаралар қолдану туралы шешім қабылданды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.