Кінәлі тұлғалар жауапқа тартылды
Атырау облысындағы мектептерде дәретханаға бейнебақылау камерасы орнатылып, 4 мыңнан астам баланың құқығы тапталған, деп хабарлайлы Azattyq Rýhy.
Атырау облыстық прокуратурасының мәліметінше, Махамбет ауданындағы З. Ещанов атындағы балалар өнер мектебі 400-ден астам баланың жеке дерегін шетелдік цифрлық платформадағы кітапханада жариялаған.
Ал Жылыой ауданындағы №6 мектепте 2 мыңнан астам оқушының дербес деректері ата-аналарының келісімінсіз сабаққа қатысуды есепке алатын бағдарламаға енгізілген.
Бұдан бөлек, Атырау қаласындағы мектептердің бірінде дәретханаға бейнебақылау камералары орнатылған. Соның салдарынан 1400-ден астам баланың жеке өміріне қол сұғылған. Прокуратура мұндай жағдай балалардың психологиялық және эмоциялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.
«Конституция әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына және дербес деректерінің қорғалуына құқық береді. Бұл талаптарды сақтау жауапкершілігі тек ата-аналарға немесе заңды өкілдерге ғана емес, білім беру ұйымдарына да жүктелген», – делінген прокуратура хабарламасында.
Прокуратураның мәліметінше, аталған заңбұзушылықтардың барлығы бойынша қадағалау актілері енгізіліп, балалардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілген. Сондай-ақ кінәлі тұлғалар жауапқа тартылған.