Мәслихат сайлауы: Қазақстанда 12,6 миллионнан астам адам дауыс бере алады

Автор: Темірхан Айжан

Өңірлер дайындық жұмыстары туралы баяндады 

Фото: ОСК/скриншот

Мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің сөзінше, бұған дейін комиссия отырыстарында сайлау науқанына қатысты негізгі мәселелер қаралып, тиісті тапсырмалар берілген. Қазір дауыс беру күніне дайындыққа және тапсырмалардың орындалуын бақылауға назар аударылып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, 8 қарашада әкімдіктер сайлаушылар тізімдерін барлық учаскелік сайлау комиссияларына тапсырған.

«Сайлаушылардың жалпы саны 12 миллион 679 мың 459 адам. Бұлардың бәрі сайлаушылардың тізімдеріне енген адамдар», - деді ол ОСК отырысында.

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов сайлау комиссияларының мүшелерін және сайлау процесіне қатысушыларды оқыту жұмыстары жоспарға сәйкес өткенін хабарлады.

Оның мәліметінше, мәслихат депутаттарының сайлауын ұйымдастыру және өткізуге дайындық аясында 5 743 оқыту іс-шарасы ұйымдастырылып, оған 101 мыңнан астам адам қатысқан.

«Оның ішінде каскадты әдіспен науқанға қатысқан 86 мыңнан астам сайлау комиссияларының мүшелері толық оқыды. Оларға 3 814 семинар өткізілді. Бұл ретте округтік сайлау комиссияларының мүшелерін даярлауға назар аударылды. Сайлау комиссиялары мүшелерінің білімін тексеру мақсатында олардың барлығы кезең-кезеңмен қашықтан тестілеуден өтіп, тиісті сертификаттарды алды. Сонымен қатар, өңірлерде саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, қоғамдық ұйымдардың және сайлау процесінің басқа да қатысушыларының өкілдері үшін ақпараттық түсіндіру және оқыту жұмыстары жүргізілді. Бұл бағытта 2 000-ға жуық іс-шара өткізіліп, оларға 15 887 адам қатысты», - деді ол.

Шавхат Өтемісовтің айтуынша, қараша айында ОСК өкілдері еліміздің барлық 20 өңіріне инспекциялық сапармен барған. Сапар барысында округтік сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған семинарлар өткізіліп, олардың білімі тестілеу арқылы тексерілген.

Еске салайық, Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2026 жылғы 29 қарашада өтеді.