Олар алты іске қатысы бар деген күдікпен ұсталған
Батыс Қазақстан облысында мал ұрлығына байланысты алты іске қатысы бар деген күдікпен төрт адам ұсталды. Полиция олардың құны 86 миллион теңгеден асатын 148 жылқыны қолды қылғанын анықтады. Ал тергеу жұмысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Күдіктілер сот санкциясымен қамауға алынды. Осы әрекеті үшін қылмыстық топ мүшелерінің мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«Аталған қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді. Полиция қызметкерлері осындай қылмыстардың алдын алу, оларды ашу және кінәлі тұлғаларды заңға сәйкес жауапкершілікке тарту бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастырады», - деп хабарлады рolisia.kz.
Айта кетейік, 20-22 қараша аралығында облыс аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткен. Оның аясында БҚО полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Бөкей ордасы аудандық полициясымен бірлесіп, мал ұрлығын ашуға бағытталған жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді.