Олардың энергия тұтыну деңгейіне талдау жасалып, шығынды азайту және энергияны үнемдеу бойынша ұсыныстар әзірленеді
Қазақстанда мектеп, ауруханалар мен балабақшаларды қоса алғанда, 5 мың әлеуметтік нысанның энергия тиімділігі тексеріледі. Олардың энергия тұтыну деңгейіне талдау жасалып, шығынды азайту және энергияны үнемдеу бойынша ұсыныстар әзірленеді. Бұл туралы Құрылтай отырысында Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитетінің мүшесі Арман Қалықов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құрылтай бірінші оқылымда энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері жөніндегі екі заң жобасын, оның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін түзетулерді мақұлдады.
Депутат айтқан мәліметке сүйенсек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің энергия сыйымдылығы 2021 жылмен салыстырғанда 4 пайызға төмендеген. Алайда бұл көрсеткіш әлі де жеткіліксіз. Қалықовтың айтуынша, еліміздегі ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығы әлемдік орташа деңгейден шамамен екі есе, ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттердің көрсеткішінен 3,6 есе жоғары.Сонымен қатар 2025 жылы энергия ресурстарын түпкілікті тұтыну көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 10,8 пайызға өскен.
«Заң жобаларында мемлекеттік энергетикалық тізілімнің аясын кеңейту ұсынылып отыр. Қазіргі қолданыстағы реттеу тетіктері негізінен ірі өнеркәсіптік және энергетикалық кәсіпорындарға бағытталған. Мемлекеттік энергетикалық тізілім аясында қосымша 5 мың әлеуметтік маңызы бар нысанға тереңдетілген талдау жүргізіп, олардың энергия тиімділігін арттыру жөнінде ұсынымдар әзірлеу жоспарланып отыр», – деді депутат.
Арман Қалықовтың айтуынша, заң жобалары мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы энергия үнемдеу жобаларына жеке инвестиция тартуға мүмкіндік беретін энергосервистік нарықты дамытуды көздейді.