Заңгердің түсіндіруінше, егер жүргізуші қауіпсіздік белдігін тағып отырса, оған белдік тақпағаны үшін айыппұл салынбауға тиіс
Әлеуметтік желіде қауіпсіздік белдігін тағып отырса да, көлік жүргізушілеріне белдік тақпағаны үшін айыппұл келгені туралы жазбалар тарап, шағым айтушылар көбейді. Бірі қара түсті киім мен көлік салонының түсіне байланысты камера белдікті байқамағанын айтса, енді бірі қауіпсіздік белдігі сырт киімінің жағасымен жабылып қалғанын жазған. Тағы бір жүргізуші камера түсірген суретте белдік мойын тұсына қарай сырғып кеткенін айтып, айыппұлға шағымданғысы келетінін жеткізген.
Осыған байланысты Azattyq Rýhy тілшісі мұндай жағдайда жүргізушілердің қандай құқығы барын және негізсіз салынған айыппұлды қалай жоюға болатынын заңгерден сұрап білді.
Заңгердің түсіндіруінше, егер жүргізуші қауіпсіздік белдігін тағып отырса, оған белдік тақпағаны үшін айыппұл салынбауға тиіс. Себебі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 593-бабының 2-бөлігі қауіпсіздік белдігін пайдалану талабын бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырады.
«Жол ережесін бұзу фактісін автоматты түрде тіркейтін камералар заң талаптарына сай жұмыс істеуі керек. Мұндай техникалық құралдарға қойылатын талаптар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 31-бабында көрсетілген. Заң камера арқылы қауіпсіздік белдігін тақпау фактісін тіркеуге мүмкіндік бергенімен, жүйенің қате анықтауы жүргізушінің кінәлі екенін білдірмейді», - дейді заңгер Марғұлан Шыныбаев.
Айыппұлға қалай шағымдануға болады
Заңгердің сөзінше, жүргізуші өзіне келген айыппұлмен келіспесе, ең алдымен құқықбұзушылық тіркелген материалдарды сұратуы керек. Атап айтқанда, камера түсірген фотосуретті, толық бейнежазбаны және техникалық құрал туралы мәліметтерді талап ете алады.
«Видеорегистратор жазбасын, жолаушының түсініктемесін және басқа да дәлелдерді қоса беруге болады. ӘҚБтК-нің 744-бабы азаматқа іс материалдарымен танысуға, дәлел ұсынуға және шағым жасауға құқық береді», – деп түсіндірді заңгер.
Оның айтуынша, жүргізуші жоғары тұрған органға немесе сотқа шағымдана алады. Әдетте, айыппұл туралы қаулының көшірмесін алған күннен бастап 10 тәулік ішінде шағым берілуі керек.
Камераның фотосы айыппұл салуға жете ма
Камера түсірген фотосурет құқықбұзушылықты дәлелдейтін материалдардың бірі саналады. Алайда заңгердің айтуынша, суретте жүргізушінің қауіпсіздік белдігін тақпағаны анық көрінуі қажет.
«ӘҚБтК-нің 765-бабы бойынша фото және бейнетіркеу құралдарынан алынған деректер дәлелдеме бола алады. Заң әрбір жағдайда толық бейнежазба міндетті түрде болуы керек деп белгілемейді. Бірақ фото құқық бұзушылықты анық көрсетуге тиіс», – дейді ол.
Егер камера түсірген суреттен қауіпсіздік белдігінің тағылған-тағылмағанын нақты анықтау мүмкін болмаса, жүргізуші толық бейнежазбаны, қосымша кадрларды және техникалық құрал туралы мәліметтерді сұратуға өтініш бере алады. Ал ұсынылған дәлелдердің жеткіліктілігін істі қарайтын орган немесе сот бағалайды.
Камераның қатесі үшін кім жауап береді
Заңгердің айтуынша, камераның техникалық қатесі салдарынан жүргізушіге негізсіз айыппұл салынса, ол алдымен қаулының күшін жоюды талап етуі керек. Ал егер мемлекеттік органның заңсыз шешімі немесе әрекеті салдарынан азаматқа нақты шығын келсе, оның өтемін талап етуге құқығы бар.
«ҚР Азаматтық кодексінің 922-бабы бойынша мемлекеттік органның заңсыз актісі немесе әрекеті салдарынан келтірілген зиянды мемлекет қазынасынан өтеу мәселесін көтеруге болады. Бұл үшін заңсыздық, нақты залал және олардың арасындағы себептік байланыс дәлелденуге тиіс», – деп түсіндірді заңгер.
Дегенмен өтемақы автоматты түрде төленбейді. Азамат келтірілген шығынды дәлелдеп, қажет болған жағдайда сотқа жүгінуі керек.