Тоқтар Төлешовтың мүлкін кәнпескелеу кезінде Шымкент қаласындағы «Фосфоршылар» мәдениет сарайы тәркіленген мүліктер тізіміне енбей қалған
Бұған дейін мәдениет үйі «Дархан груп» ЖШС қарамағында болған. Ал компанияның екі құрылтайшысы бар және «Дархан груп» ЖШС-ның 99,74%-ы Тоқтар Төлешовтың үлесінде болған. Аталмыш компанияға бір ғана мәдениет үйі емес, өндірістік нысан, жер учаскесі және тұрғын үй сияқты барлығы 4 жылжымайтын мүлік тіркелген. Десе де, Төлешовтің мүлкін кәнпескелеу кезінде мәдениет ошағы тәркіленген мүліктер тізіміне енбей қалыпты. Алайда, іске прокуратура араласып, талап-арыз беріп, сот шешімінің анықтамасы шыққан. Онда жылжымайтын мүлікті әкімдік иелігіне компанияның әртүрлі қарыздары есебінен өндіру көрсетілген.
«Қаржы министрлігі бекіткен ережеге сәйкес, серіктестіктегі мүлік тек қана сатылып, оның ақшасы құйылу керек деп көрсетілген. Бірақ, қала әкімдігі бұл процесті болдырмас үшін тікелей айналысып жатыр. Әзірге бұл нысан сатылымға түскен жоқ. Қазір бағалау жұмыстары жүргізіліп, жылжымайтын мүлік департаменті тарапынан жұмыс атқарылып жатыр. Егер сатылатын болса, өкінішке қарай аукционға атқарушы билік қатыса алмайды. Әкімдікте ондай құқық жоқ», - дейді Шымкент қаласы Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ілиясов.
Аукционға жергілікті билік түсе алмағанмен, әкімдік жанынан құрылған кәсіпорындар қатыса алады. Әкімдік бұл қиындықты осындай жолмен шешуі мүмкін. Алайда, аудан әкімі ол жағын ашып айтудан бас тартты.
Шымкент қаласының экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жыл басында «Фосфоршылар» мәдениет сарайын оқушылар үйіне айналдыру жоспарланып отырғанын айтқан еді.
«Жекенің меншігінде болған «Фосфоршылар» мәдениет сарайын қала меншігіне өткізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қараусыз, ескірген ғимаратты жөндеп, оқушылар сарайын жасаймыз. Онда балаларға арналған бассейн, мәжіліс залы, түрлі үйірмелер мен секциялар болады», - деген еді сонда.
Арай Есенбек, Шымкент