Қазақстан арада 17 жыл өте 3G буынынан толықтай бас тартпақшы

Автор: Бақыт Шынар

Байланыс технологиясының үшінші буыны келесі жылдың соңында толық тоқтауы мүмкін

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстан 2027 жылдың соңына қарай 3G-ден толығымен бас тартады. Айта кетейік, 3G, яғни,  алғаш рет толыққанды әрі жылдам интернетке қосылуға мүмкіндік берген мобильді байланыс технологиясының үшінші буынын Қазақстан 16 жыл бұрын, 2010 жылдың желтоқсанында қосқан болатын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

Қазақстан 3G-ді 2027 жылдың соңында тоқтатпақ екенін бүгін үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлім етті.

«Ауылдың 84 пайызы мобильді интернетпен қамтылған. 3G базалық стансаларын 4G-ге дейін жаңғыртып жатырмыз. Сондай-ақ қалалар мен ауылдарда 5G байланысымен қамту жүйесі кеңейеді. 2027 жылдың соңына қарай 3G-ден толығымен бас тарту жоспарланып отыр. Сол уақытқа дейін 4G желісі 5291 ауылды, ал 5G желісі 70 қала мен 300 ауылды қамтуы керек», - деп  мәлімдеді Мәдиев.

Оқи отырыңыз: «Бұл – арзан»: қазақстандықтар интернеттің тарифі үшін айына орта есеппен 10 доллар төлейтіні белгілі болды

Министр сендіргендей, мобильді интернет еліміздегі ауылдардың 92%-ына қолжетімді болады. Сондай-ақ, республикалық және облыстық автожолдардың 40 мың шақырымына интернет тарту көзделіп отыр.