Алматыда электрлі самокатпен жүрген жасөспірімдер анықталды: ата-аналар жауапқа тартылды

Автор: Дәулет Ботагөз

Шара барысында тәртіп бұзушылардың бірі 12 жастағы бала екені белгілі болды

Фото: скриншот

Алматы қаласындағы «Атакент» іскерлік ынтымақтастық орталығының аумағында электросамокат және өзге де электр көліктерін тізгіндеген жасөспірімдерге қатысты арнайы рейд өтті. Тұрғындардың шағымынан кейін полицейлер саябақ ішінде қауіпті жарыс ұйымдастырған балаларды жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, демалушылардан саябақ ішінде жасөспірімдердің электр көліктерімен жоғары жылдамдықпен жүріп, келушілердің өміріне қауіп төндіретіні туралы шағымдар түскен. Тексеру барысында кейбір жүргізушілердің адамдар арасында сағатына 80 шақырымнан асатын жылдамдықпен қозғалғаны анықталды. Сондай-ақ рейд кезінде полицейлердің көлікті тоқтату туралы заңды талабына бағынбай, қозғалысын жалғастырған жасөспірімдер де тіркелді.

Шара барысында тәртіп бұзушылардың бірі 12 жастағы бала екені белгілі болды. Полиция қызметкерлері онымен заңды өкілінің қатысуымен профилактикалық әңгіме жүргізді. Ал кәмелетке толмаған баланың ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қалалық полиция департаменті ата-аналарды балаларының бос уақытын бақылауға шақырды.