FlyArystan компаниясының талабы қанағаттандырылмады
Қазақстанда сот FlyArystan әуе компаниясының ішкі ережелерінде анықталған тұтынушылар құқығын бұзу деректерін жою туралы Сауда және интеграция министрлігінің нұсқамасын заңды деп таныды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қарапайым жолаушының өтініші әуе компаниясына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізуге негіз болған. Алматы және Астана қалаларының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттері бірлесіп жүргізген тексеріс барысында компанияның ішкі қағидаларында жолаушылардың құқықтарын шектейтін бірқатар талап анықталды.
Атап айтқанда, әуе компаниясы жолаушылардың келісімінсіз тасымалдау талаптарын біржақты өзгерткен, өз жауапкершілігін заңсыз шектеген және жекелеген алымдарды негізсіз өндіріп алған. Сонымен қатар, билет құнын және өзге де қаражатты қайтару құқығына шектеу қойған.
Тексеру кезінде тұтынушыларға толық ақпарат бермеу, сондай-ақ жазбаша наразылық хат жолдау тәртібін қиындату деректері де анықталған.
Тексеру қорытындысы бойынша әуе компаниясына аталған заңбұзушылықтарды жойып, ішкі ережелерін ҚР заңнамасына сәйкестендіру жөнінде нұсқама берілді.
FlyArystan компаниясы берілген нұсқаманың күшін жою мақсатында сотқа жүгінгенімен, оның талабы қанағаттандырылмады. 2026 жылғы 21 шілдеде Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты әуе тасымалдаушысының талабын қабылдамай тастады.
Кейін апелляциялық сатыдағы сот та бірінші инстанцияның шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Сот тұтынушылар құқығын қорғау органдарының авиация саласында мемлекеттік бақылау жүргізу өкілеттігін және нұсқаманың толықтай негізді екенін растады. Сауда және интеграция министрлігі әуе тасымалдаушылардың ішкі қағидалары заңмен кепілдендірілген азаматтардың құқықтарын шектемеуі тиіс екенін қатаң ескертті.