21 қараша күні еліміздің бірқатар қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі
Бүгін, 2026 жылғы 21 қарашада еліміздің бірнеше ірі қаласында ауаның ластану деңгейі жоғарылайды. «Қазгидромет» РМК мамандары қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты тұрғындарға арнайы ескерту жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Синоптиктердің мәліметінше, 21 қараша күні еліміздің бірқатар қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі. Орталық және солтүстік өңірлерде Астана, Көкшетау, Павлодар, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған және Балқаш қалаларында, оңтүстік пен шығыста Алматы, Талдықорған, Өскемен және Семейде қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасуы мүмкін. Ал Атырау қаласында ҚМЖ тек түнгі уақытта болжанып отыр.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – бұл атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді факторлардың жиынтығы. Мамандардың мәліметінше, бұл қалаларда баяу жел, инверсия және тұман сияқты факторлар бірігіп, жерге жақын қабатта ластаушы заттардың шоғырлануына әкеп соғады. Мұндай жағдай адам денсаулығына тікелей әсер етуі мүмкін.
Ауаның ластануы кезінде мамандар келесі ережелерді сақтауды ұсынады:
1.Тас жолдар мен өндіріс орындарына жақын жерде ұзақ жүрмеген абзал.
2.Өкпе, жүрек-қан тамырлары аурулары бар және аллергияға бейім жандар өзімен бірге қажетті дәрі-дәрмектерін алып жүруі тиіс.
3.Таза ауада спортпен шұғылдануды немесе ауыр физикалық жұмыс істеуді уақытша тоқтата тұрған жөн.