Шымкентте Crystal Study білім беру компаниясының кеңсесі ашылды

Автор: Темірхан Айжан

Компаниясы оқушылар мен студенттерге шетелдік мектептерге, колледждер мен университеттерге түсуге қолдау көрсетеді

Фото: Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бүгін Шымкент қаласында Crystal Study білім беру компаниясының жаңа кеңсесі ашылды. Бұл іс-шара халықаралық білім беру саласына арналған екі күндік бағдарламаның басталуы болды. «Шетелде білім алу» көрмесі 21 қараша күні Rixos Khadisha Shymkent қонақүйінде өтеді. Оған 19 елден 160-тан астам университет пен білім беру орталығы қатысады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жобаны ұйымдастырушы – 2013 жылдан бері шетелдік мектептерге, колледждер мен университеттерге оқуға түсуге қолдау көрсетіп келе жатқан Crystal Study халықаралық компаниясы. Сонымен қатар, компания тілдік бағдарламалар, білім беру сапарлары және кәсіби бағдар беру бағыттарында жұмыс істейді.

Іс-шараға Шымкент қаласы әкімдігі мен білім басқармасының өкілдері, оқу орындарының басшылары, педагогтер, кәсіби бағдар мамандары және шетелдік серіктестер шақырылған. Көрменің негізгі аудиториясы – 9–11-сынып оқушылары, студенттер, ата-аналар және жас мамандар.

Көрменің басты мақсаты – Шымкент пен Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі жастардың сапалы халықаралық білім алу мүмкіндіктерін кеңейту, шетелде оқуға түсу жолдарын таныстыру және оқу орындары мен халықаралық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Ұзақ мерзімді перспективада бұл бастама өңір жастарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, адами капиталды дамытуға және заманауи білім беру ресурстарына қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған.

Crystal Study компаниясының басшысы Мұхтар Әуезовтің айтуынша, Шымкентте ашылған жаңа кеңсе компанияның Қазақстандағы үшінші өкілдігі болып саналады.

«Бүгін біз Шымкент қаласындағы жаңа ғимаратымызды ашып отырмыз. Мұнда IDP IELTS емтиханын тапсыру орталығы мен тілдік дайындық курстары да жұмысын бастайды. Біздің басты мақсатымыз – жастарға, соның ішінде гранттық бағдарламалар арқылы да сапалы халықаралық білім алуға мүмкіндік беру. Осылайша, түлектеріміз Қазақстанды әлемдік деңгейде лайықты таныта алады. 13 жылдық жұмысымыздың нәтижесінде 974 серіктеспен байланыс орнатып, 3,5 мыңнан астам студентті шетелде білім алуға жібердік. Олардың көпшілігі елге оралып, туған жерінде еңбек етіп жүр. Ертең, 21 қараша күні мектеп оқушыларын, студенттер мен ата-аналарды Rixos Khadisha қонақүйінде өтетін көрмеге шақырамыз. Онда шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдерімен тікелей тілдесіп, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алуға болады», – деді Мұхтар Әуезов.

Көрмеге Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Италия, Чехия, Малайзия, Түркия, Швейцария, Оңтүстік Корея, Сингапур, Австралия, Канада, Біріккен Араб Әмірліктері, Нидерланд, Франция, Ирландия, Мальта, Сауд Арабиясы және Қытай елдерінің өкілдері қатысады.

Сондай-ақ, көрмеде Hult International Business School, Constructor University, Özyeğin University, Bahçeşehir University (BAU), Asia Pacific University of Technology & Innovation (APU), HTMi сияқты оқу орындары мен Study Group, Navitas, Oxford International, Kaplan International Pathways дайындық бағдарламаларының провайдерлері таныстырылады. Бұдан бөлек, St Clare’s Oxford, Epsom College Malaysia және MPW мектептері мен жоғары оқу орындарына дейінгі дайындық орталықтары да қатысады.

Көрмеге келушілер орта білім беру, Foundation, бакалавриат, магистратура, MBA бағдарламалары және тілдік курстар туралы толық ақпарат алады. Атап айтқанда, IT, инженерия, бизнес және менеджмент, қаржы, қонақүй ісі мен туризм бағыттары қамтылады.

Сонымен қатар, қонақтар ел, университет және мамандық таңдауға қатысты жеке кеңес алып, оқуға түсу талаптары, білім алу құны мен тұру нұсқаларын біле алады. Гранттар мен стипендиялар, визалық рәсімдер, IELTS, TOEFL, SAT және басқа емтихандарға дайындық, жазғы тілдік лагерьлер мен университет кампустарына ұйымдастырылатын таныстыру сапарлары туралы да ақпарат ұсынылады.