«Әділет» партиясы ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті қолдайды

Автор: Махан Миражан

Кезекті кездесу Ескелді ауданына қарасты Көкжазық ауылында өтіп, тұрғындарға партияның өңірді дамытуға бағытталған негізгі басымдықтары таныстырылды

Фото: "Әділет" париясының баспасөзінен

Жетісу облысында «Әділет» партиясының 2026–2031 жылдарға арналған өңірлік сайлауалды бағдарламасын таныстыру жұмыстары жалғасып жатыр. Кезекті кездесу Ескелді ауданына қарасты Көкжазық ауылында өтіп, тұрғындарға партияның өңірді дамытуға бағытталған негізгі басымдықтары таныстырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Ауыл халқымен жүздесуге Жетісу облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Амангелді Есбай, аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар Айдын Құрманғалиев пен Бақыт Досанов қатысты.

Кездесу барысында кандидаттар сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарына тоқталып, ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, кәсіпкерлікті қолдау және ауыл шаруашылығының табыстылығын көтеру мәселелерін ортаға салды.

Жиында сөз алған Амангелді Есбайдың айтуынша, партияның өңірлік бағдарламасы республикалық сайлауалды бағдарламаның тоғыз негізгі мақсатын Жетісу облысының ерекшеліктері мен тұрғындардың сұранысына сай жүзеге асыруды көздейді.

«Жетісу облысының тұрғындары үшін қолжетімді баспана, сапалы ауызсу, жол және коммуналдық қызметтер, тұрақты интернет, медициналық көмек пен білім беру сапасы, жаңа жұмыс орындары ерекше маңызға ие. Сонымен қатар кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын дамыту – өңір экономикасының өсуіне ықпал ететін негізгі бағыттардың бірі. Біздің бағдарламамыз осы мәселелерді шешіп, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған», – деді кандидат.

Өз кезегінде Айдын Құрманғалиев орта бизнесті дамыту, орта тапты нығайту, ауылдағы еңбектің экономикалық тиімділігін арттыру, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағыттарына тоқталды. Сондай-ақ өңір экономикасын жаңа талаптарға бейімдеу және болашақ мамандықтарға қажетті кадрлар даярлау мәселесін атап өтті.

«Басты міндетіміз – тұрғындарды жайлы баспанамен және заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, тұрақты жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейту, орта бизнестің дамуына жағдай жасау. Әсіресе ауылдағы еңбек адамының табысын арттырып, ауыл шаруашылығының әлеуетін тиімді пайдалану маңызды», – деді ол.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, кандидаттарға сауалдарын жолдады. Өз кезегінде үміткерлер қойылған сұрақтарға жауап беріп, партия бағдарламасында қарастырылған міндеттерді түсіндірді.

Жүздесу соңында тұрғындар ұсынылған бастамаларға қатысты пікірлерін білдіріп, кандидаттардың бағдарламасымен танысты.

Айта кетейік, «Әділет» партиясының өңірлік сайлауалды бағдарламасы ауылдық аумақтарды дамытуға, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.