«Әкелер одағы» Қазақстанда энергетикалық сусындарды өндіруге және сатуға толық тыйым салуды ұсынды

Қоғамдық бірлестік өкілдерінің пікірінше, энергетикалық сусындар бүгінде көптеген адамның күнделікті тұтынатын өніміне айналған

«Әкелер одағы» Қазақстанда энергетикалық сусындарды өндіруге және сатуға толық тыйым салуды ұсынды
Фото: Шымкент әкімдігі

«Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Қазақстанда энергетикалық сусындарды өндіруге, коммерциялық мақсатта импорттауға және сатуға толық тыйым салуды ұсынып отыр. Ұйым өкілдері үкіметті осыған қатысты заң жобасын әзірлеуге шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Қоғамдық бірлестік өкілдерінің пікірінше, энергетикалық сусындар бүгінде көптеген адамның күнделікті тұтынатын өніміне айналған. Оны оқушылар мен студенттерден бастап, жүргізушілер, кеңсе қызметкерлері және басқа да мамандық иелері шаршаған кезде сергектік алу, ұйқының қанбауын жеңу және жұмыс қабілетін арттыру үшін пайдаланады. Алайда мұндай сусындарды тұрақты тұтынудың адам денсаулығына ұзақ мерзімді әсері алаңдаушылық туғызып отыр.

«Әкелер одағы» өкілдері қолданыстағы шектеулер мәселені толық шешпейді деп есептейді. Еске салайық, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмаған азаматтарға сатуға тыйым салынды. Ал 2026 жылдан бастап бұл өнімдерге акциз салығы енгізілді. Дегенмен бірлестік мұндай шаралар энергетикалық сусындардың ықтимал зиянынан тұтынушыларды толық қорғай алмайтынын айтады.

«Бізді энергетикалық сусындарды тұрақты тұтынудың ұзақ мерзімді салдары қатты алаңдатады. Әңгіме бедеулік, қатерлі ісік, жас кезде инфаркт алу және өмір сүру ұзақтығының қысқару қаупі туралы болып отыр», – делінген «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Күзембай Бекдайыр Нығметұлының бейнеүндеуінде.

Осыған байланысты қоғамдық бірлестік Үкіметке энергетикалық сусындардың өндірісі мен коммерциялық мақсатта импортына, сондай-ақ көтерме және бөлшек саудада сатылуына толық тыйым салуды көздейтін заң жобасын әзірлеуді ұсынды. Бастама интернет-дүкендер мен жеткізу қызметтері арқылы сатуды да қамтиды. Бұдан бөлек, ұйым энергетикалық сусындардың жарнамасына тыйым салу қажет деп санайды.

«Әкелер одағы» азаматтарды бастаманы қолдауға шақырып, арнайы петицияға қол қоюға және ұйымның бейнеүндеуін әлеуметтік желілерде таратуға үндеді.

Бірлестік өкілдерінің айтуынша, ұрпақ саулығын қорғау – әр отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан энергетикалық сусындардың айналымына қатысты қосымша шаралар қабылдау мәселесін көтеріп отыр.