Қазақстанда анонимді аккаунттың оқырмандары 5 мыңнан асса, оны міндетті түрде тіркеу ұсынылды

Автор: Махан Миражан

Былтыр заңнамаға дайындық барысында 120 мыңнан астам заңға қайшы контент анықталған

Фото: magnific.com

Қазақстанда 5 мыңнан астам жазылушысы бар анонимді аккаунттарды тіркеу ұсынылып отыр. Ал иесі белгілі, жеке басы расталған парақшалар мен аккаунттарды қайта тіркеуден босату мәселесі қарастырылуы мүмкін. «Әділет» партиясының депутаты Айдос Сарым Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевқа осындай ұсыныс айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Құрылтай отырысында депутат Айдос Сарым заң жобасындағы 5 мыңнан астам жазылушысы бар ашық қауымдастықтардың пайдаланушылары мен модераторларын тіркеу тетігіне қатысты сауал қойды.

Депутаттың пікірінше, мұндай талап барлық аккаунтқа бірдей қолданылмауы керек. Өйткені платформаның өзі авторын растаған немесе мемлекеттік органға, компанияға, бұқаралық ақпарат құралына тиесілі екені белгілі парақшаларды қайта тіркеудің қажеттілігі жоқ.

«Қазіргі норма 5 мыңнан астам жазылушысы бар барлық парақшалар мен аккаунтты қамтып отыр. Мысалы, автордың жеке басын платформаның өзі растаған болса немесе парақша мемлекеттік органға, компанияға немесе БАҚ-қа ресми тиесілі болса, яғни анықталып жататын болса, оны қайта есепке қоюдың қажеті бар ма? Сондықтан депутаттар тізімге тек анонимді пайдаланушыларды енгізуді ұсынып отыр. Министрлік жеке басы расталған пайдаланушыларды қайта тіркеуден босату жөніндегі депутаттардың ұсынысын қолдай ма?» – деп сұрады Айдос Сарым.

Министр Арман Қырықбаев бұл ұсыныспен келісетінін және негізгі мәселе иесі белгісіз анонимді аккаунттарда екенін айтты.

«Бұл жөнінде алдын ала талқылау болған. Шынында да, 5 мыңнан астам жазылушысы бола ма, одан көп бола ма, егер аккаунттың иесі кім екені белгілі болса, мемлекеттік органдарға да, сіздерге де оны тіркеудің қажеті шамалы деп ойлаймын. Негізгі мәселе 5 мыңнан астам жазылушысы бар анонимді аккаунттарда болып отыр», – деді министр.

Оның айтуынша, былтыр заңнамаға дайындық барысында 120 мыңнан астам заңға қайшы контент анықталған. Министр осы материалдарды саралау нәтижесінде олардың 20 пайыздан астамы 5 мыңнан астам жазылушысы бар анонимді аккаунттардан таралғанын атап өтті.

«Сондықтан мемлекет үшін басты мәселе – анонимді аккаунттар. Сіздің ұсынысыңызды жалпы қолдаймыз», – деді Арман Қырықбаев.

Егер тиісті өзгеріс заң жобасына енгізілсе, жазылушысы 5 мыңнан асатын барлық парақшаны жаппай тіркеудің орнына, иесі анықталмаған анонимді аккаунттарды сәйкестендіру тетігі қарастырылуы мүмкін.