Енді әлеуметтік желіде өзгеге жала жапқандар заң бойынша жазаланады - Құрылтай заң жобасын қарап жатыр

Автор: Махан Миражан

Министрдің айтуынша, қазір жалған және адамның ар-намысына тиетін мәліметтер онлайн-платформалар арқылы кең аудиторияға таралуы мүмкін

Фотоколлаж Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстанда әлеуметтік желілерде жала жапқаны және масс-медиа мен онлайн-платформаларда балағат сөздер қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу ұсынылды. Сонымен қатар ар-намыс пен қадір-қасиетке нұқсан келтіретін ақпаратты теріске шығару міндеті күшейтілмек. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Құрылтайда мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрдің айтуынша, қазір жалған және адамның ар-намысына тиетін мәліметтер онлайн-платформалар арқылы кең аудиторияға таралуы мүмкін. Сондықтан азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін цифрлық ортаға да енгізу қажет.

«Бұл азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарында ғана емес, цифрлық ортада да қолдануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Арман Қырықбаев.

Заң жобасында ар-намыс пен қадір-қасиетке нұқсан келтіретін мәліметтерді сол ақпарат алғаш жарияланған дереккөз жоққа шығаруы керек деп жазылған.Бұл талап әлеуметтік желілерге де қатысты болмақ.

Бұдан бөлек, адамның фото және бейнесін келісімінсіз пайдалануға қатысты талаптар нақтыланады. Ашық дереккөздерден алынған фото және бейнематериалдарды адамның келісімінсіз пайдалануға, тек оның өзі бұған тыйым салмаған жағдайда ғана жол беріледі.

Сондай-ақ адамның жеке және отбасылық өміріне қатысты мәліметтер мен бейнелер оның қызметтік ісіне жатпайтыны заңда тікелей бекітілмек.