Көру қабілеті бұзылған азаматтарға цифрлық ақпаратты қазақ тілінде алуға мүмкіндік туды
Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту бүгінде тек білім беру, мәдениет немесе бұқаралық ақпарат құралдарымен шектелмейді. Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы ана тіліміздің заманауи бағдарламалар мен ақпараттық жүйелерде толыққанды қолданылуын талап етеді. Осы бағытта қазақ тілінің тарихындағы алғашқы отандық скринридер – SoileApp бағдарламасы мемлекеттік тілдің цифрлық ортадағы мүмкіндіктерін кеңейтуге үлес қосып келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлемде миллиондаған адам компьютер мен интернетті экрандағы ақпаратты дыбыстап беретін арнайы бағдарламалар арқылы пайдаланады. Мұндай технологиялар скринридер немесе экрандық диктор деп аталады. Алайда қазақ тілінде осындай бағдарламаның болмауы ана тілінде цифрлық ақпарат алғысы келетін көру қабілеті бұзылған азаматтар үшін ұзақ уақыт бойы кедергі болып келді. Бұл мәселені шешуге бағытталған SoileApp жобасы 2023 жылы нарыққа шықты. Бағдарлама компьютер экранындағы мәтіндерді, мәзірлерді және басқа да ақпаратты қазақ тілінде дыбыстап, көру қабілеті бұзылған азаматтардың компьютерді өз бетінше пайдалануына мүмкіндік береді.
Жобаның негізін қалаушы, QazTech Development компаниясының директоры Олжас Сәрсенбаевтың айтуынша, қазақ тілінің заманауи технологияларда қолданылуы – жобаның негізгі басымдықтарының бірі.
«Біз үшін SoileApp – жай ғана бағдарламалық өнім емес. Біздің мақсатымыз – қазақ тілінің цифрлық технологиялардағы мүмкіндіктерін кеңейту. Бүгінде бағдарламамызда қазақ тілінде сөйлейтін екі дауыс бар: ер адамның дауысы – Айбек, әйел адамның дауысы – Ақмарал. Бұл дауыстар компьютердегі ақпаратты қазақ тілінде дыбыстап, пайдаланушының ана тілінде жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Қазақ тілі тек күнделікті қарым-қатынас тілі ғана емес, заманауи технологиялардың да тілі болуы тиіс», – дейді ол.
Отандық технологиялардың дамуы үшін тың идеялармен қатар, оларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін қолдау да маңызды. Осы тұрғыда SoileApp жобасының дамуына NU Impact Foundation қорының қосқан үлесі ерекше.
Қордың қолдауы қазақ тіліндегі инновациялық технологияны дамытуға және оның мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етті. Бұл – әлеуметтік маңызы бар технологиялық бастамаларды қолдау арқылы мемлекеттік тілдің цифрлық кеңістіктегі әлеуетін арттырудың нақты мысалы.
Бүгінде SoileApp тек әзірленген технология немесе тәжірибелік жоба деңгейінде қалып қойған жоқ. Бағдарлама мемлекеттік қамтамасыз ету аясында көру қабілеті бұзылған азаматтарға берілетін компьютерлерге орнатылып, өзінің түпкі пайдаланушыларына жетіп жатыр. Бұл – жобаның маңызды нәтижелерінің бірі. Себебі технологияның шынайы құндылығы оның адамдардың күнделікті өмірінде қолданылуымен өлшенеді.
Көру қабілеті бұзылған азаматтардың компьютердегі ақпаратты қазақ тілінде тыңдап, цифрлық мүмкіндіктерді ана тілінде пайдалануы ақпаратқа қолжетімділікті арттырып қана қоймай, қазақ тілінің инклюзивті ортадағы қолданысын да кеңейтеді.
Қазақ тілінің технологиялық дамуы – ұзақ мерзімді әрі стратегиялық маңызы бар бағыт. Әлемде жасанды интеллект пен цифрлық сервистер қарқынды дамып жатқан кезеңде ана тіліміздің осы үдерістерге толыққанды қатысуы аса маңызды. SoileApp жобасы қазақ тілінің күрделі технологиялық шешімдерде де қолданылуға қабілетті екенін көрсетеді. Ал NU Impact Foundation қорының мұндай бастаманы қолдауы әлеуметтік инновациялар мен мемлекеттік тілдің дамуы бір-бірін толықтыра алатынын аңғартады. Қазақ тілін қолдау – оны болашақтың технологияларына бейімдеу. Өйткені тілдің болашағы оның тек сақталуында емес, заманмен бірге дамуында.