Баланың ата-анасы Біріккен Араб Әмірліктерінде тұрады
Әлемдік футболда ерекше орны мен миллиондаған жанкүйері бар Роналдиньо қазақ баласының тұсауын кесіп, көпті таңғалдырды. Тұсау кесу салтанаты Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен. Ал бұл кездесудің қалай ұйымдастырылғанын бүлдіршіннің әкесі әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ең қызығы, 46 жастағы аяқдопшыны баланың өзі таңдаған. Видеодан көргеніміздей, креатив идеяны жаны сүйетін әке ұлының алдына түрлі спортшылардың суретін қойып, таңдау еркіндігін баласына берген.
Оның айтуынша, Роналдиньо – әлемдік футболдың символына айналған, ең мықты футболшылардың бірі.
«Ол өз саласындағы барлық марапатты жеңіп алған мықты спортшы. Бір кездері 17 жастағы Лионель Мессиге алғашқы голын соғуына мүмкіндік жасаған еді. Кейін Роналдиньо Мессиге батасын беріп, өзінің 10-нөмірлі жейдесін табыстаған. Артынша Месси де биік белесті бағындырып, ұстазының жетістіктерінен де асып түсті», – деп жазды баланың әкесі.
Сонымен қатар ұсынысқа келіскені үшін рақмет айтып, жылы лебізін білдірді.