Тексеру кезінде жеті нысанда суды үнемдеп, қайта пайдалану жабдығы жоқ екені анықталған
Алматының Әуезов ауданында су үнемдеу жүйесі жоқ жеті автожуу орнының суы тоқтатылды. Заңбұзушылықтар 60 нысанды тексеру кезінде анықталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Алматы Су» мәліметінше, тексерілген автожуу орындарының шамамен 90 пайызы суды айналымда пайдалану жүйесін қолданады. Бұл технология суды тазалап, қайта пайдалануға мүмкіндік береді және оның шығынын азайтады.
Алайда жеті нысанда мұндай жабдық болмаған.
Қала әкімдігі таратқан ақпаратқа сәйкес, автожуу орындары қажетті жабдықты орнатып, оның жұмысын тексерткеннен кейін ғана суға қайта қосыла алады.
Тексеріс Алматының барлық ауданында жалғасады. Коммуналдық қызметтер су құбыры желілеріне заңсыз қосылу деректеріне де ерекше назар аудармақ.