Қазақстанда балалар арбасымен автобусқа мінуге тыйым салынғаны рас па? Министрлік жауап берді

Автор: Алмас Ерсін

Ведомство арбаны бүктеп алып жүру талабы қауіпсіздік үшін енгізілгенін, ал оны жайылған күйінде алып жүруге де тыйым салынбағанын түсіндірді

Фото: istockphoto.com

Көлік министрлігі автобустарға балалар арбасымен кіруге тыйым салынғаны туралы тараған ақпаратты жоққа шығарды. Ведомствоның мәлімдеуінше, қолданыстағы ережелер ата-аналардың балалар арбасымен қоғамдық көлікке мінуіне шектеу қоймайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy  ведомствоға сілтеме жасап.

«Қолданыстағы қағидалар ата-аналардың балалар арбасымен жүруіне тыйым салмайды. Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багаж тасымалдаудың жаңартылған қағидаларына сәйкес, автобус лық толы болған жағдайда ата-анаға отыруға бос орын болған кезде арбаны бүктеп алып жүру қарастырылған. Бұл ретте арба жолаушылардың еркін қозғалысына кедергі келтірмеуі керек», – деп жазылған ведомство хабарламасында.

Министрлікте бұл талап жолаушылардың, соның ішінде балалар мен оларды алып жүретін ата-аналардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және автобус салонындағы өту жолын бос ұстауға бағытталғанын түсіндірді.

«Егер ата-анаға арбаны бүктеу ыңғайсыз болса, сапарын оны жайылған күйінде жалғастыра алады. Бұл үшін айыппұл салу, жолаушыны автобустан түсіру немесе басқа да жаза қолдану қарастырылмаған», – деп атап өтті Көлік министрлігі.

Еске салайық, әлеуметтік желілерде күзде жолаушылар тасымалы қағидаларына енгізілген түзетулерден кейін балалар арбасымен жүрген ата-аналарды лық толы автобустарға кіргізбей жатқаны туралы ақпарат тараған еді. Бұл мәлімет қазақстандықтардың наразылығын тудырды. Осыған байланысты Көлік министрлігі ресми түсініктеме беріп, ешқандай тыйым енгізілмегенін мәлімдеді.