Теміртауда бірнеше ай бұрын жоғалып кеткен әйелдің мәйіті табылды

Автор: Асыл Арман

Күдікті ретінде марқұмның күйеуі ұсталды

Фото: t.me / Криминальный Казахстан

Теміртауда екі айға жуық уақыт бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен 38 жастағы әйелдің мәйіті табылды. Оның денесі қаладан 22 шақырым жерден табылды. Марқұмның өліміне күдікті ретінде 40 жастағы күйеуі ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қарағанды облысының Полиция департаменті әйел адамның денесін 13 қараша күні іздеу барысында тапты. Мәйітті тексеру барысында аяусыз соққыға жығылғаны анықталды.

«Полиция қызметкерлері осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 40 жастағы ер адамды анықтап, қолға түсірді. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды», – делінген хабарламада.

Айта кетерлігі, 38 жастағы Теміртау тұрғыны 19 қыркүйектен 20-сына қараған түні жоғалып кеткен. Әпкесінің айтуынша, сол күні ол азаматтық некедегі күйеуімен ренжісіп қалған. Қайғылы оқиға болған күні үйінде оның ұлы мен марқұмның панасындағы 19 жастағы жас жігіт болған.