2027 жылы 28 тұрғын үйдегі 41 лифтіні ауыстыру жоспарланып отыр
Шымкентте биыл 31 көпқабатты тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізуге 2,7 млрд теңге бөлініп, қазір оның 23-індегі жұмыс толық аяқталды. Қалған нысандардағы жөндеу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің техникалық жағдайын жақсарту, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс кезең-кезеңімен іске асып жатыр. Биыл тұрғын үй қорын күрделі жөндеуден өткізуге және ортақ пайдаланылатын нысандарды жаңартуға басымдық берілген.
Алдағы жылға арналған дайындық та басталған. 2027 жылы 28 тұрғын үйдегі 41 лифтіні ауыстыру және 31 көпқабатты үйге күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу көзделіп отыр. Сонымен қатар жұмыс істейтін жастар бағдарламасы бойынша босатылған 639 пәтерді жөндеуге бюджеттік өтінім ұсынылуда.
Қала келбетін жақсарту мақсатында көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңарту мәселесі де қолға алынған. Осы бағытта бірыңғай сәулеттік келбет тұжырымдамасы әзірленіп, тиісті жұмыстарды 2027 жылы бастау жоспарланып отыр. Бұл бастама тұрғын үйлердің сыртқы көрінісін біріздендіріп, қалалық ортаның эстетикалық сапасын арттыруға бағытталған.
Тұрғын үй қорын тиімді басқару да маңызды бағыттардың бірі. Қазіргі уақытта Шымкентте 2 595 көпқабатты тұрғын үй тіркелген. Оның ішінде 139 үйде мүлік иелері бірлестігі бар. Ал 1 247 тұрғын үйде тікелей бірлесіп басқару тәсілі таңдалып, басқарушы компаниялармен келісімшарт жасалған. Мұндай басқару тетіктері тұрғындардың ортақ мүлкін күтіп ұстау және үйді пайдалану мәселелерін жүйелі ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Көпқабатты үйлердің техникалық қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлініп отыр. Қалада бүгінде 1 748 лифт, 218 эскалатор және 14 траволатор пайдаланылып келеді. Олардың қауіпсіз әрі талапқа сай жұмыс істеуі тұрақты бақылауда. Тұрғындардың өтініштері негізінде басқарушы ұйымдардың қызметіне де тексерулер жүргізіліп, анықталған мәселелер бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр.
Инженерлік қауіпсіздіктің маңызды бөлігі саналатын газ жабдықтарын пайдалану мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Жыл басынан бері «Шымкент қалалық газ техникалық қызметі» мекемесінің мамандары 158 077 үйді аралап, тұрғындарға газ құрылғыларын дұрыс пайдалану, қауіпсіздік талаптарын сақтау және жабдықтарды уақытылы тексеру жөнінде түсіндіру жүргізген. Тексеру кезінде адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін ақауы бар 134 абонент анықталып, тиісті қауіпсіздік шаралары қабылданды. Қазіргі таңда аталған нысандардағы барлық ақау толық жойылған.
Тұрғын үй қорын жаңғырту мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысының өзара байланысы зор. Себебі көпқабатты үйлердің сапалы жөнделуі, лифтілердің жаңартылуы және инженерлік жүйелердің талапқа сай жұмыс істеуі тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді.
Осы бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасып, тұрғын үйлердің техникалық жағдайын жақсарту, басқару жүйесін жетілдіру және қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселелері тұрақты бақылауда болады.