Тоқаев Үкіметке 11 күн ішінде жемқорлықты тоқтату үшін нақты ұсыныс әзірлеуді тапсырды

Автор: Асыл Арман

Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ жұмысы тоқтамайтынын айтты

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында Үкімет пен бақылаушы органдарға жемқорлықтың санын барынша азайтуға арналған ұсыныстар әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Жоғары лауазымға ие болу – әрқашан және әрдайым жүктелетін жоғары жауапкершілікті дұрыс түсіну деген сөз. Қоғамымызда атқаратын лауазымына, сіңірген еңбегіне не болмаса тамыр-таныстарына, соның ішінде туыстық байланыстарына қарамастан, ешкім де заңнан аттап кете алмайды. Бұл – мен үшін мызғымайтын, яғни өзгермейтін ұстаным», – дейді президент.

Ол өз сөзінде соңғы уақытта кейбір келісімдер мен шарттар қайта қаралғанын айтып өтті.

«Меніңше, оларға қол қою қате шешім болған. Бірақ биліктің кәсіпкерлерге кедергілер, тосқауылдар жасайтын ойы да, ниеті де жоқ. Керісінше, біз оларға әрдайым жан-жақты қолдау көрсетіп жатырмыз және алдағы уақытта да солай болады. Бәріңіз де білесіздер, мен келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын кәсіпкерлікті тексеруге арналған тағы бір үш жылдық мораторий жариялау туралы тапсырмамды бердім. Елімізде біртіндеп орнығып жатқан «Заң мен Тәртіп» құқықтық стратегиясының түпкі мәні де – осы: әділеттілік қағидатына және заң талаптарына сай көмекке мұқтаж адамдарға, сондай-ақ кәсіпорындарға қолдау көрсету», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөз арасында «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ жұмысы тоқтамайтынын тілге тиек етті.

«Жағдай қаншалықты күрделі болса да «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының аппараты мен мемлекеттік компаниялардың, соның ішінде «Қазақстан темір жолының» жұмысы тоқтап қалмайды, үздіксіз жүре береді. Мемлекеттік компанияларға қарасты барлық мекемелер қалыпты тәртіппен жұмыс істеп жатыр. Жалпы, бұған ешқандай себеп те жоқ. Керісінше, жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан күрес инвесторлар мен несие берушілердің аталған институтқа деген сенімін арттырып, олардың мейлінше тиімді, ашық және жемісті жұмыс істеуіне мүмкіндік береді деп санаймын», – дейді мемлекет басшысы.

Сол сияқты Бас прокуратураның жалпы сомасы 1,3 триллион теңгеден асатын заңсыз иемденген активтерді қайтарғанын, бұл  қаражат 466 әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанның құрылысына жұмсалғанын еске салды.

«Қазіргі таңда 383 нысан, соның ішінде медициналық мекемелер, сумен жабдықтау желілері, мектептер, спорт кешендері салынып бітті. Жұмыс жалғаса береді. Қалыптасқан жағдайға қарағанда, нысандар қаншалықты сапалы салынғанын тексеруге себеп бар сияқты. Өйткені нысандардың, соның ішінде жолдардың сапасы талапқа сай болмайтын жағдай жиі кездеседі. Дегенмен осы оқиғаның өзі жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар мемлекеттік компаниялардың ең осал тұсы, яғни, басты дерті екенін айқын көрсетіп отыр», – дейді президент.

Мемлекет басшысы сөзін жалғай отырып, жемқорлықты азайту үшін Үкімет пен жауапты органдар ұсыныс беруі керектігін айтты.

«Осы орайда, Үкімет пен бақылаушы органдар биыл 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтарды барынша азайту, квазимемлекеттік сектордағы компаниялар мен олардың қызметкерлерінің жұмыс сапасын айтарлықтай жақсарту жөнінде маған ұсыныс берсін», – деді ол.