Ақтөбеде көпқабатты үйдің астындағы кафеде жарылыс болып, бірнеше адам жараланды

Автор: Асыл Арман

Оқыс жағдай Тәуелсіздік даңғылы, 14/1 мекенжайында болған

Фото: Видеодан скрин

Ақтөбе қаласында көпқабатты үйдің астында орналасқан кафеде жарылыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқыс жағдайдың видеосы әлеуметтік желіде жарияланды. Агенттік тілшісі оқиғаға байланысты Төтенше жағдайлар министрлігіне жүгініп, жарылыстың мән-жайын анықтады.

Ведомствоның мәліметіне сүйенсек, бұл жағдай бүгін сағат 10:28-де Тәуелсіздік даңғылы, 14/1 мекенжайында болды. Белгілі болғандай, дәмханадағы газ жарылған. Соның салдарынан ғимараттың жапсарлас салынған бөлігі опырылып, арты өртке ұласты. Жарылыстан тұрғын үйдің терезелері шағылған.

«Оқиға орнына облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жедел жетті. Сағат 10:53-те өрт толық сөндірілді. Оқиға салдарынан екі адам зардап шекті. Олар жедел жәрдем бригадасымен ауруханаға жеткізілді. Қаза тапқандар жоқ», – делінген ТЖМ-ның агенттік тілшісіне берген пікірінде.

Жарылыстан кейін болған өртті сөндіруге ТЖД-ның 45 қызметкері мен 10 техникасы жұмылдырылды. Оқиға орнында департамент басшысы жүр. Қазір оқиғаның себебі мен мән-жайы анықталып жатыр.

Айта кетейік, осыған дейін Атырауда Sulpak дүкеніне жапсарлас салынған ғимаратта жарылыс болғаны хабарланған.