Ант қабылдап тұрған сарбаз есінен танып қалды ма: желіде тараған видеоның мән-жайы белгілі болды

Автор: Асыл Арман

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды

Фото: Видеодан скрин

Әлеуметтік желіде ант қабылдап тұрған сарбаздың есінен танып қалған сәтінің видеосы жарияланды. Алайда бұл жағдайдың бірнеше жыл бұрын болғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Желіде тараған видеоға назар аударсақ, жас жігіт ант қабылдап тұрған сәтінде жағдайы нашарлап, артынан оны дәрігерлердің көлігімен алып кеткенін байқауға болады.

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы бұл жағдай жуырда түсірілмегенін, 2024 жылғы бейнежазба екенін мәлімдеді.

«Әлеуметтік желілерде әскери ант қабылдау рәсімі кезінде сарбаздың басы айналып, өзін жайсыз сезінген сәті түсірілген бейнежазба қайтадан таралып жатыр. Алайда бұл оқиға биыл емес, 2024 жылы Аягөз гарнизонында болған», – деп жазады Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы.

Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, сарбаздың жағдайы қатты қобалжығаннан нашарлаған. Оның өміріне ешқандай қауіп төнбеген. Сол сәтте оған қажетті медициналық көмек уақытылы әрі толық көрсетілген.

Белгілі болғандай, видеодағы сарбаз әскери қызметін толық өтеп, кейіннен запасқа шығарылған.

«Әлеуметтік желілерде тарап жатқан бұл бейнежазбаның қазіргі жағдайға еш қатысы жоқ. Оның түсірілген уақыты мен мән-жайын көрсетпей, ескі кадрларды қайта жариялау жұртшылықты жаңылыстырып, орынсыз алаңдаушылық тудыруы мүмкін. Орталық блогерлер мен жаңалық тарататын парақшаларды ақпарат жариялағанда жауапкершілік танытып, оның дұрыстығын алдын ала тексеруге шақырады. Жалған ақпаратты әдейі тарату заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін», – деп ескертті Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы.