Текеліде күйеуін өлтірді деген көпбалалы ана бостандыққа шықты

Автор: Асыл Арман

Қайғылы оқиға биыл 10 маусымға қараған түні Текелідегі жер үйлердің бірінде болды

Фото: istockphoto.com

Жетісу облысының Текелі қаласында күйеуін өлтірді деген көпбалалы ана бостандыққа шықты. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі өңірлік Tinfo.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Сот отырысында күйеуінің өлімі үшін күдікке ілінген көпбалалы ана – Лидия Шлегельге қатысты сот үкімі шықты. Оның әрекеті «адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа ауыр зиян келтіру» бабынан «қажетті қорғаныс шегінен шығу» бабына өзгертілді.

Осыған байланысты сот оған бір жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Алайда ол рақымшылыққа байланысты бостандыққа шықты.

Айта кетейік, қайғылы оқиға биыл 10 маусымға қараған түні Текелідегі жер үйлердің бірінде болды. Сол түні пышақ жарақатынан 45 жастағы ер адам қаза тапты. Оның өліміне күдікті ретінде жұбайы ұсталған.

Көпбалалы ананың төрт баласы бар. Марқұм күйеуі соңғы үш жылда оны тұрақты түрде ұрып-соққаны үшін төрт рет жауапқа тартылып, оның екеуінде әкімшілік қамауға алынған. Ал әйелдің өзі бүгінге дейін жауапқа тартылмаған.

Сотқа Лидия Шлегельдің көршілері қатысып, көпбалалы ананың жылдар бойы күйеуінің қорлығына шыдап келгенін айтты.