«Самұрық-Қазына» қоры өз басшысының ұсталуына қатысты мәлімдеме жасады

Автор: Асыл Арман

Онымен бірге «Қазақстан Темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ басшысы да ұсталды

Фото: «Самұрық-Қазына»

«Самұрық-Қазына» қоры басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың ұсталуына қатысты ресми пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазіргі уақытта уәкілетті органдар тиісті тергеу жүргізіп жатыр. Қор Қазақстан Республикасының заңнамасы аясында құқық қорғау органдарымен жан-жақты ынтымақтастық орнатып, қажетті ақпарат пен материалдарды ұсынып, олардың жұмысына толық қолдау көрсетіп отыр», – деп хабарлады «Самұрық-Қазына» АҚ баспасөз қызметі агенттік тілшісіне.

Айта кетейік, осыған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан Темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ басшысы Елжас Отыншиевті ұстағанын ресми мәлімдеген.

Бүгін әлеуметтік желіде Астанадағы элиталы тұрғын үйлердің бірінің жанында дорба-дорба доллардың шашылып жатқаны туралы видео таралған.