Кездесуде жаңа қоғамдық институттың қызметі мен негізгі міндеттері талқыланды
Шымкентте Қазақстан Халық Кеңесінің өңірлік мүшелері мен этномәдени бірлестік өкілдері бас қосып, қоғамдық келісімді нығайту және жаңа қоғамдық институттың міндеттерін талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен этнос белсенділері, сондай-ақ «Қоғамдық келісім» мекемесі жанындағы қоғамдық құрылымдардың басшылары қатысты.
Кездесуде жаңа қоғамдық институттың қызметі мен негізгі міндеттері талқыланып, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайту, мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы өзара байланысты күшейту мәселелері қаралды. Сондай-ақ өңір тұрғындарын толғандырған өзекті тақырыптар да назардан тыс қалған жоқ.
Жиында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек сөз сөйлеп, Қазақстан Халық Кеңесінің құрылу мақсаты мен қоғамдық өмірдегі орнына тоқталды. Бұдан бөлек, жаңа Конституцияның маңызы, мемлекет басшысының жолдауында айқындалған басымдықтар, конституциялық реформалардың міндеттері мен жалпыұлттық құндылықтардың мазмұнына кеңінен тоқталды.
Жиында тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық сияқты құндылықтарды қоғамда орнықтырудың маңызы айтылды. Сонымен қатар «Адал азамат» пен «Таза Қазақстан» бастамаларын жүзеге асыру және жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру мәселелері қозғалды.
Қатысушылар мемлекет басшысының жолдауында белгіленген экономикалық даму, инфрақұрылымды жаңарту, цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу, шағын және орта бизнесті қолдау бағыттарын да талқылады. Сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыруға қатысты мәселелерге назар аударылды.
Сол сияқты жуырда өткен «Қазақ тілі» қоғамының Х мерейтойлық құрылтайында көтерілген мәселелер де жиынға арқау болды. Атап айтқанда, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, ұлттық құндылықтарды насихаттау және қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған бастамалар талқыланды.
Кездесуге қатысушылар этносаралық татулықты нығайту, қоғамдық келісімді сақтау, жастардың бастамаларына қолдау көрсету, медиация институтын дамыту және қоғамдық диалогты кеңейту жөніндегі ой-пікірлерін білдірді. Сондай-ақ мемлекеттік органдармен байланысты жолға қоюға қатысты ұсыныстарын жеткізді.
Әңгіме барысында этномәдени бірлестіктердің қоғам өміріндегі орны да назардан тыс қалған жоқ. Олардың мәдени мұраны сақтап, ұлттық дәстүрлерді насихаттаудағы, өскелең ұрпақ тәрбиесіне атсалысып, ел бірлігін бекемдеудегі рөлін күшейту қажеттігі айтылды.
Айта кетейік, Шымкент қаласынан үш өкіл Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына кірді. Олар – қалалық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Латипша Асанов, журналист әрі қалалық Қоғамдық кеңестің мүшесі Әбдез Иманқұлов және көркем гимнастика шебері, Қазақстан ұлттық гимнастика федерациясының президенті Әлия Юсупова.
Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтті. Қатысушылар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.
Жиын соңында қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайту, азаматтық қоғам институттарымен байланысты дамыту және ортақ бастамаларды бірлесе жүзеге асыру бағытындағы жұмысты тұрақты жалғастыру қажеттігі атап өтілді.