Қазақстанда бір топ адам өзгелердің атына 56 көлікті несиеге рәсімдеп, шетелге сатып жіберген

Автор: Асыл Арман

Қылмыстық топты ұйымдастырды деген күдікпен алты адам уақытша ұстау изоляторына қамалды

Фото: Видеодан скрин

Қазақстанда жалған адамдардың атына несие рәсімдеп, кепілге қойылған көліктерді шетелге шығарып, қайта сатқан қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қылмыстық топ екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары арқылы жалған адамдардың атына автокөліктерді кепілге рәсімдеген. Ал кейіннен көліктерді шетелге жерлерге шығарып, қайта сатқан.

Алдын ала мәлімет бойынша олар осындай жолмен шетелге 56 автокөлікті сатып жіберген.

Осыған байланысты Қазақстанның 10 өңірінде бір уақытта жедел іс-шаралар жүргізді. Соның нәтижесінде 48 адам полицияға жеткізілді. Олардың ішінде қылмыстық топты ұйымдастырды деген күдікпен алты адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Жүргізілген іс-шаралар қылмыстық топтың одан әрі әрекет етуіне тосқауыл қойып, алаяқтықтың жаңа деректерінің алдын алуға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, шетелге шығарылған автокөліктерді іздестіру шаралары қабылданып жатыр. Тергеу барысы ІІМ-нің бақылауында», – делінген ҚР ІІМ хабарламасында.