Атырауда «ҚазАвтоЖолдың» бухгалтері ондаған млн теңгені қалтасына басқан: оған сот үкімі шықты

Автор: Асыл Арман

Ол төлемдерді заңсыз есептеп, мекемеге тиесілі ақшаны өзінің жеке банк шотына аударып келген

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

«ҚазАвтоЖолдың» Атырау қаласындағы еншілес ұйымының бас бухгалтері 35 млн теңге ұрлағаны үшін сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бухгалтердің ісін Атырау көлік прокуратурасы мен өңірлік Экономикалық тергеп-тексеру департаменті бірлесіп тексерген. Соның нәтижесінде «ҚАЖсервис» ЖШС филиалынан 34,8 млн теңге ұрлағаны әшкере болды.

Компанияның бухгалтері төлемдерді заңсыз есептеп, мекемеге тиесілі ақшаны өзінің жеке банк шотына аударып келген.

«Атырау қаласының №2 соты оны Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп таныды. Сот үкімімен айыпталушы бес жылға сотталды. Сонымен қатар оған бес жыл бойы материалдық жауапкершілікке қатысты жұмыспен айналысуға тыйым салынды», – делінген прокуратура хабарламасында.

Сондай-ақ сот «ҚАЖсервис» ЖШС-нің материалдық шығынды өндіріп алу туралы талабын толық қанағаттандырды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, бүгін ҰҚК Астанада сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікпен «Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолының» басшыларын қолға түсірді.